Русский Сайттың толық нұсқасы

Көше атын өзгерту мәселесі майшаммен қаралады

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2024
  • 711

Қазақстанда жөн-жосықсыз ауыл-қала көшелеріне атау беру азаяды. Өйткені жер-су атына қатысты барлық ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның келісімімен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы жылдары бабасы мен жерлесін ұлықтап, мекеме, көше мен елді мекенге есім беру, ескерткіш орнату күрт көбейген. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. «Қолында билігі, қалтасында қаржысы көптер тарихты бұрмалап, ата-тегіне атау беру ісіне араласпауы керек»,-деген комиссия өкілдері бұл тақырып қозғалғанда қоғам арасында түсініспеушіліктің көп туатынын айтады. Мәселен, бір ғана Қарағанды облысының өзінде соңғы 10 жылда 28 елді мекен мен олардың құрамына кіретін 800-ден астам көшенің аты өзгеріпті. Бұдан бөлек, 76 мекеме тағы бар. Осы тұста айта кету керек, биылдан бастап республикалық ономастикалық комиссияның келісімінсіз жер-су, ғимаратқа есім берсеңіз, заңсыз әрекет жасаған болып саналасыз.

- Министрлік елдімекендердің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жұмыс қолға алды. Жобаның мақсаты - ономастикалық атауларды ретке келтіру. Дәйектерді басшылыққа ала отырып, ғылыми айналымға түсіріп, тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру, - дейді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов.

Өңірлерде қоғамға еңбегі сіңген, тарихта орны бар тұлғалардың тізімі жасалуы қажет. Аталған мәселені ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да көтерген. Сондай-ақ, әр өңірдің заманауи ақпарат көзіне негізделген 3D топонимикалық картасы әзірленуі тиіс. «Тұрғылықты мекен-жайлар, жер, су атаулары, қала көшелері, ескерткіштер, тіпті күнделікті қолданатын навигациялық қосымшалардың өзі ұлттық ономастика сүзгісінен өтуі тиіс», - дейді ғалымдар.

- Бұл көлемі үлкен, күрделі ауқымды жоба аясында өңірлердің барлық топонимдерін жинап, кестелік сөздік жасадық. Сөздіктің екінші бөлігінде осы уақытқа дейінгі Қазақстан территориясындағы топонимдердің динамикасы өзгеруінің диахрониясы беріледі. Не себепті бұл атау өзгерді. Қашан өзгерді? Қандай құжатқа байланысты? Оның себебі? Салдары қандай?, - дейді «Ономастар одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Гүлнар Бекенова.

Ономастика саласына қатысты республикалық семинарда жер-су атауларын тарихи-диахрондық жүйелендіру жұмысы қарқынды жүріп жатқаны айтылды. Бұл жоба Павлодар, Жетісу, Алматы, Абай және Шығыс Қазақстан облысында жалғасын таппақ. Жер-су атауларынан бөлек, Қарағанды өңірінің өзінде көрнекі ақпараттардың қойылу тәртібі қаралады. Мысалы, 2023 жылы 3 мыңнан астам нысанда бақылау жұмыстары жүргізіліп, билбордтар мен ғимарат қасбетіндегі ақпараттар Заң аясында қайта жазылды.