Русский Сайттың толық нұсқасы

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин жер қойнына тапсырылды

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2017
  • 4826

Бүгін Астана жұртшылығы Қозы-Көрпеш Жаңбыршинді ақтық сапарға шығарып салды. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің басшысы болып қызмет атқарған азамат жер қойнына тапсырылды.

Марқұммен қоштасу рәсімі Горький атындағы орыс драма театрында өтті. Қаралы жиынға оның туыстары мен әріптестері, дос-жарандары, сондай-ақ өзге де тұрғындар көптеп жиналды. Олар Қозы-Көрпеш Есімұлының қашанда үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білген азамат екенін айтып, қимай қоштасты.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасы:

Өмір бақи бірге жүрдік. Оқуда да, еңбек пен қызметте де, отбасымен араласып, ағайын-бауыр болып кеткен жағдайымыз бар. Біз бәріміз осында сол ауыр қайғыны бөлісуге келіп отырмыз. Өзінің жасамай кеткен жасын артында қалған ұрпақтарына берсін. Жаны жәнәтта болсын, иманы саламат болсын досымыздың.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қозы-Көрпеш Жаңбыршин 57 жасында жүрек талмасынан көз жұмды. Атпал азамат - Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы. Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын бітірген ол әр жылдары Президент жанындағы экономикалық консультанттар кеңесі жетекшісінің орынбасары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қорғаныс вице-министрі, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Елбасының жарлығымен 2014 жылы қаңтарда Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді. «Құрмет» ордені мен өзге де бірқатар марапаттарды иеленген.