Русский Сайттың толық нұсқасы

Қапшағай су қоймасы жағалауында «Жібек жолы» кешенді жағажайының іргетасы қаланды

Қапшағай су қоймасы жағалауында «Жібек жолы» кешенді жағажайының іргетасы қаланды. Жағажайдың жалпы аумағы-15 гектар. Бұл ауқымды инвестициялық жоба аясында кешенде сауда орындары, қонақ үйлер, шоу жасайтын субұрқақтар, пирс, аквапарк, аттракциондар да бой көтереді. Жобаның құны- 100 млн доллар. 

Бұған дейін №8 жағажай аталған мекен кешенді көпсалалы ойын-сауық орнына айналады. Жобаның алғашқы кезеңінде 7 гектардан астам жер игеріледі. Ондағы құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады. Ал екінші кезеңде қалған 8 гектар аумақта жоспарланған шаруалар 2025 жылы қолға алынбақ.

Чжан ЦЗУНЦЗЕ, «ЖІБЕК ЖОЛЫ» ИНВЕСТОРЛЫҚ КОМПАНИЯ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз осы Орта Азиядағы бес елмен, оның ішінде Қазақстанмен де мәдениет жағынан жұмыс істегіміз келеді. Бізге бұдан түсетін пайда емес,мұндағы табиғат ерекшелігі, орта маңызды. Кешенді жағажай құрылысының алғашқы бөлігі осы жылы аяқталмақ. Оның өзі бір маусымда 3 млн адам қабылдауға қауқарлы.

Құрылысқа 2500 адам тартылады. Жағажай жұмысы басталғанда 500 қызметкер тұрақты еңбекпен қамтылмақ.

Асхат БЕРДІХАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Мына басталып жатқан проектке 100 млн доллар екі жылдың арасында құйылатын болады. Былтырғы жылы Қонаев қаласы 1 млн 300-ден астам адам қабылдаған, туристік сезонында. Мен ойлаймын бүгінгі таңда 3 млн-ды қала дайын қабылдауға, турист ретінде.

Бұдан бөлек өңірдегі №5 жағажай мемлекет қаржысы есебінен абаттандырылып жатыр. №7 жағажайдың маңында «Кроссфит алаңы» салынуда. Ал жағалаудағы 1 шақырымнан астам жер жеке инвестордың қаражатына ретке келтіріліп, туристерді қарсы алуға дайын.