Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық құтқарушылар тасқын судың ортасынан 270 жылқыны қауіпсіз жерге шығарды

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2024
  • 1757

Атыраулық құтқарушылар тасқын судың ортасынан 270 жылқыны қауіпсіз аумаққа айдап шығарды.

Қазір Атырау қаласының маңында Жайық өзенінен жайылмаға шыққан тасқын су әлі сақталып тұр. Сондай тасқын су Қайыршақты ауылдық округіндегі Бесікті ауылының тұсында бар.

Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, аталған ауылдың тұрғындары жылқыларды қауіпсіз жерге шығару үшін жүгінген.

«Департаменттің диспетчерлік пультіне аталған ауылдан жылқылардың жайылмадағы тасқын судың ортасында қалып қойғаны жөнінде шақырту түсті. Құтқарушылар шақырту орнына жедел жетіп, 70 бас жылқыны қауіпсіз жерге шығарды. Сонымен қатар, құтқарушылар Атырау қаласына жақын орналасқан Теңдік ауылының тұсындағы тасқын судың ортасынан 200 жылқы қауіпсіз аумаққа айдалды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жылқыларды қауіпсіз жерге шығаруға төтенше жағдайлар департаментінен 10 құтқарушы, 2 техника, 2 жүзу құралы тартылды.