Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 5 млн теңгенің жалған ауа баптағышы тәркіленді

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2024
  • 875

Алматы қаласы Әділет департаменті контрафактілік өніммен күрес бөлімінің мамандары жалған тауар белгісімен заңсыз сатылымға шығарылмақ болған Almacom ауа баптағыш кондиционерлерінің ірі көлемін тәркіледі.

Заңсыз сауданың жолын кесу операциясы 15 сағатқа созылды. Тексеріске тауар белгісі иесінің шағымы негіз болған.

Осылайша, Әділет департаменті қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде 5 253 000 теңгені құрайтын контрафактілік өнім тәркіленді. Осы факт бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 158-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Арнайы операция барысында Әділет департаментінің қызметкерлері тексерілетін субьектінің тарапынан қарсылық пен кедергіге тап болғанын атап өткен жөн. Қарсылық көрсеткен үш адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 462-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайын анықтап, кінәлілерді анықтау үшін іс материалдары сотқа жолданды.

Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыратын болады.