Русский Сайттың толық нұсқасы

"Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы", - Президент

Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ұлттық символдарымызға биыл 32 жыл. Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Салтанатты шара туралы толығырақ Сүндет Оралбек тарқатады. 

Бұл - «Атамекен» этно-мемориал кешені. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі осында өтті. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болады. Ту - тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы. Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде Президент осылай деді. Жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін.

Еліміз бейбіт мемлекет ретінде татулық пен келісімді қашанда басты орынға қояды және барлық мемлекетпен достық қатынас орнатқан. Соның арқасында туымыз жер жүзіне бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз достық қағидатын әрдайым берік ұстанамыз. Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық. Мұның бәрін жүзеге асырып, түбегейлі орнықтыру – оңай шаруа емес. Ол үшін, ең алдымен, ырысты ынтымақ керек.

Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты. Мемлекет басшысы елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барша Қазақстан халқының тағдыры – ортақ, болашағы – бір. Сондықтан бір ел, бір халық болып, ту түбінде тұтаса білсек, көздеген мақсатқа міндетті түрде жетеміз.

Мемлекеттік рәміздер күні әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналған. Ол биыл да жалғасын тапты. Жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ер-азамат үшін ел тыныштығын күзету – ең абыройлы міндет. Өздеріңіз сияқты отаншыл әрі намысты ұландары бар Қазақстанның келешегі жарқын екені анық. Баршаңыз антқа адал болып, ел шебін қырағы қорғайсыздар деп сенемін.

Нұрахмет Жұмабек- Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының түлегі. Бүгін Мемлекет басшысының қолынан лейтенант арнайы шенін алды.

Нұрахмет ЖҰМАБЕК, ҚР ҰҚК АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:

ҚР Мемлекеттік рәміздері күнінде сіздің қолыңыздан әскери шен алу біз үшін зор мәртебе. Өзіңіз табыстаған офицер шені бізге Ұлттық қауіпсіздікті сақтап, еліміздің тыныштығы мен тұтастығын қорғау жолында үлкен жігер береді.

Шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.