Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында әкімнен сыйлыққа бір бөтелке арақ алған тұрғын әйелінен айырылып қалды

  • AstanaTV
  • 04 маусым 2024
  • 436

Павлодар облысындағы ауылдық округтің әкімі тұрғынға бір бөтелке арақ сыйлағаны үшін жауапқа тартылды. Ер адам ішімдік ішкен соң масайып, үйін өртеп жіберген. Өрттің салдарынан ер адамның әйелі көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар облысының прокуратурасы ауылдық округ әкімі Жеңіс күні тұрғынға азық-түлік пакетін бергенін, соның ішінде жарты литрлік арақ болғанын айтты. Ер адам күшті алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін өрт шығарған. Оның әйелі өрттен қайтыс болды.

"Әкімнің жасаған әрекеттері жалпы қабылданған моральдық нормаларға қайшы келіп, қатаң сөгіс алды", – деді қадағалау органы.

Павлодар ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Опабеков қызметкерлердің өртке қатысты тексеру материалдарын зерделегенін түсіндірді. 

Тергеу кезінде ер адам өзі әкім берген арақты ішкенін айтты. Шенеунік оны жоққа шығарған жоқ. Ол арам ниетсіз, құрамында алкоголь бар азық-түлік пакетін ұсынғанын айтып, ағынан жарылды. Содан кейін прокурорлар тәртіптік іс қозғау туралы қаулы шығарып, оны аудан әкімінің қарауына жолдады. Соңғысы қарамағындағы қызметкеріне қатаң сөгіс жариялауды ұйғарды.

Облыстағы төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт Набережное ауылында 9 мамыр күні сағат 19.13-те басталған. Екі бөлмелі үй барлық затымен, жиһазымен жанып кетті. Өрт сөндірушілер үйге жеткенше газ баллоны жарылып, өрт сөндірушілер екіншісін шығарып үлгерген. Өртті сөндіру кезінде олар 1974 жылы туған әйелдің денесін тапты.