Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда ұлттық киімдер көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2016
  • 11177

Қайта жаңғырған дүние. Қарағанды облысының тарихи өлкентану мұражайында  қазақы ұлттық киімдер мен әшекейлер көрмесі өтті. «Әйел костюмдерінің поэзиясы» атты шарада қыз-келіншектердің көне көйлектерімен  бірге ою-өрнектермен әшекейленген заманауи үлгілер де көрсетілді. Бұлар - халқымыздың байырғы ұлттық киімдері. Әрқайсының өз орны бар. Жас қыздар мен бойжеткендерге, келіншектер мен әжелерге арналған үлгілер бір-бірінен өзгеше. Украинадан келген бір топ саяхатшы таңданыстарын жасыра алмады. Тіпті ұлттық киімдерді киіп те көрді.

Оксана Пекула, саяхатшы /Украина/:

Біз көрменің үстінен түстік. Қазақ киімдері әйелдің мүсінін айқындап, сұлулығын ашады екен. Әсіресе, кеудешелер қатты ұнады. Дәл осы киімдер қазір бізге жетіспейтін нәзіктік пен сұлулықты сыйлап тұр.

Бұрынғы қыз-келіншектердің киімдері қазақ жігіттеріне де ұнады.

Қанат Мыңбаев, көрмеге келуші:

Жалпы барлық көйлектер әдемі. Жаманы жоқ.  Жалпы қазақ көйлектерінің кем тұстары жоқ. Қазіргі заман талабына сай етіп тігіп жатқан кісілер бар. Кисеңіздер болады, қыз-келіншектер.

Қазақы көйлектер қазіргі заманда үлкен сұранысқа ие.Мысалы, мен киіп тұрған мына көйлекті тұрмысқа шығып жатқан қыздың құрбысы,яғни қыз жолдас киеді.Ыңғайлылығы сонша,көйлекті жеке киюге де болады. Көрмеде той-томалақтарға ғана емес, мерекелі кештер мен күнделікті киюге жарайтын киімдер де ұсынылды. Сәнгерлер оларды ою-өрнектермен әшекейлегені болмаса, заманға сай пішіп тіккен.

Әлия Тілеубекова, Қарағанды қаласы «Толғанай» ұлттық киімдер фирмасының директоры:

Біріншіден қыз баланың бөксесі жабық. Кеудесі жылы жүреді. Екіншіден, қазақтың ою-өрнегі қайта жаңғырғандай. Қазір кешкі көйлекпен киіп тұрғанымен, бұл киімді жастар шалбармен, әр қилы киіммен түстерін таңдап, істетіп алуларына болады.

Зәуреш Тебаева, Қарағанды облыстық Өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

Қазір жастар арасында тойға дәстүрлі сәукеле кию сәнге айналды. Демек, салтымызға қайта оралып жатырмыз. Сондықтан біз ескі мен жаңаны ұштастырып, қандай өзгерістерге ұшырағанын көрсеткіміз келді.

Енді мұражай қызметкерлері мен сәнгерлер қазақтың ұлттық киім үлгілерін дәріптеу үшін мұндай көрмелерді жиі өткізбекші.

 Айжан ҚУАШ