Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжардағы пешпен жылытылатын үй тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосылу үшін көмек сұрайды

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2017
  • 3474

Қызылжардағы Заречный кентінің тұрғындары дабыл қағып отыр. Орталықтандырылған жылу жүйесінен ажырағалы 20 жылға жуақтаған көпқабатты үйде тұратын жандар баспаналарына пеш орнатуға мәжбүр болған. Алайда өрт сөндіру қызметі пештерді алып тастауды талап етуде. Қарапайым халықтың жылу магистраліне қосылуға шамасы жоқ.

Бірінші Заречный көшесіндегі 16 пәтерлі баспананың салынғанына жарты ғасырдан асқан. Тоқсаныншы жылдарға дейін жақын маңда орналасқан түзету мекемесінің қазандығы жылумен қамтамасыз етіп отырды. Кейін түрмеге жылу электр станциясынан құбыр тартылып, айналадағы үйлер жылу магистраліне қосылып алады. Ал 2 қабатты үй тұрғындары қалып қойған. Қыстың қақаған аязында қатып қалмау үшін бұқара қауіпсіздік шараларын жиыстырып қойып, жеке пештер орнатады. Кейбірі қарапайым отын пештерін салса, енді бірі кішігірім электр қазандықтарын қойған.

Анна Колий, Заречный кентінің тұрғыны:

Біз пештің құбырын желдету шахтасына қостық. Бұл әрекетіміздің қауіпті екенін түсінеміз. Бірақ, басқа амал болмады. Өрт сөндірушілер 10 мың теңге айыппұл салды. Сосын үйдегі пештердің барлығын сәуірдің 30-на дейін алып тастаңдар, деді. Әйтпесе, қомақты айыппұл төлеуге тура келеді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ең қызығы, түзету мекемесіне тоқсаныншы жылдары тартылған құбыр мен баспананың ара-қашықтығы не бары 4-ақ метр. Бұқараның айтуынша, жылуға қосылу үшін "Севказэнерго" компаниясы осы 4 метрге бола әрбір пәтерден 800 мың теңгеден сұрапты. Алайда, тұрғындар қыруар қаржыны көтере алмағандықтан, берекелі жобаға құлып салған. Енді құзырлы органдар оларды мәжбүрлі түрде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосқызбақ. Алайда, қаражат мәселесі әлі де ашық күйі қалып отыр.

Анна Егорова, Заречный кентінің тұрғыны:

Билік өкілдерінен көмек сұраймыз. Бір мемлекеттік бағдарламаға іліндірсе дейміз. 800 мың теңге тым көп қой. Мұндай соманы қалтамыз көтермейді. Ең болмағанда бөліп-бөліп төлеуге мүмкіндік берсін.

Тұрғындардың базынасына орай кәсіпорын басшылығына сауал жолдаған едік. Олар  бізге жазбаша жауап беруді жөн көрді.

Леонид Ларичев, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

"Бұл кенттегі жылу жүйелері қалалық әкімдіктің құзырына жатады. Заречный көшесіндегі 97-ші үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін тұрғындар пәтер иелері кооперативін құрып, әкімдікке жүгінуі керек. Сонан соң оларды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қосу мәселесі қарастырылады".

Жергілікті билік өкілдері де тұрғындарды ПИК-сіз қабылдамайтынын жеткізді. Енді заречныйлықтар өзара бірлестік құрып, жылу жүйесінің жобасына кіріспек. Мамыр айында өрт сөндірушілердің қатаң тексерісі басталады.

А.ҚҰРМАНКИН