Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс төрағасы ТүркПА-ның кезекті отырысына қатысты

Жасыл энергияға көшу, көміртегі бейтараптығы және климаттың күн тәртібіндегі мақсаттарға қол жеткізу біз үшін ортақ міндет. Әзербайжан астанасында өтіп жатқан түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІІ пленарлық отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Мәжіліс спикері жиында «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Оның аясында экожүйені қорғау бойынша ауқымды жобалар қолға алынғанын айтып, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі Әзербайжанның бастамаларына қолдау білдірді. Пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар Баку декларациясын қабылдады. 

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жасыл энергияға көшу, көміртегі бейтараптығы және климаттың күн тәртібіндегі мақсаттарға қол жеткізу біз үшін ортақ міндет екенін атап өткім келеді. Қазақстан Президенті бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан климат бойынша халықаралық шарттар міндеттемелеріне қол жеткізуге бағытталған жұмысты жүргізуде. Мәселен, былтыр 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, Заңнамалық тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетеміз.