Атырау қаласының №2 сотында қомақты мөлшерде пара беруге итермелеу (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 2-бөлігі), алдау және сенімге қиянат жасау арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлауға оқталғаны үшін айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары), деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау соттарының ресми парақшасы мәлім еткендей, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбекті қорғау және қауіпсіздік бөлімінің басшысы ЖШС директорын (оған қатысты қылмыстық іс тіркелген) лауазымды тұлғаға пара беруге көндірген. Оны алдап, апатты жағдайды арнайы тексеру комиссиясының актісін ақылы негізде өзгертуге болатынын айтқан.Сотталушы аталған мәселені оң шешкені үшін ЖШС директорынан 6 млн. теңге алған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, жеке тінту хаттамасымен, сот бейне-фонографиялық және сот-психологиялық-филологиялық сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінің санкциясында параның 30-дан 40 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармағының санкциясы бойынша ұрланған мүліктің 10-нан 20-ға дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза қарастырылған.
Тәуелді жас балалардың болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды, ауырлататын мән-жайлар жоқ. Қылмыстық кодекстің 55-бабына сәйкес, жеңілдететін жағдайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде ауыр қылмыс жасағанда жазаның негізгі түрінің мерзімі санкцияда көзделген жазаның ең жоғары мерзімінің 2/3 бөлігінен аспауы керек, яғни 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.