Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе футбол клубының экс-ойыншысына өтемақы төленбейді - Сот

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2017
  • 2729

Футболшының арызы қанағаттандырылмады. «Ақтөбенің» бұрынғы ойыншысы Маркос Пиззелли футбол клубынан өтемақы ретінде қомақты қаржы талап еткен болатын. Алайда, сот аяқдопшының арызын негізсіз деп таныды. Ал оның қорғаушысы «біздің талабымыз заңды, қажет болса, Еуропадағы арбитражды сотқа арызданамыз» деп отыр.

Маркос Пиззелли Ақтөбе командасы сапында 2014-15-інші жылдары доп тепкен. Түбі бразилиялық, дәл қазір Арменияның намысын қорғап жүрген ойыншы. Келісімшарт бойынша Ақтөбе клубында ойнаған жылдары ай сайын 60 мың доллар жалақы мен 15 000 көк қағаз көлемінде сыйақы алып отырған.

Қорғаушысының айтуынша, 2015 жылдың соңында футболшымен еңбек келісімшартын бұзған клуб 189 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге уағдаласқан көрінеді. Алайда, клуб өкілі мұндай уағданың болғанын растамады. «Еңбек шарты тараптардың өзара келісімімен бұзылды, ойыншы команда құрамында болған кезеңде оған 362 миллион 163 мың теңге жалақы төленді», - дейді.

Марат Ниязмағанбетов, «Ақтөбе» футбол клубының өкілі:

Өтемақының мөлшері нақты көрсетілмеген. Ол сома 189 мың доллар болсын, 189 доллар болсын, өз еркімен бұлай белгілеуіне құқығы жоқ. Өтемақы еңбек шартына сай төленеді.

Арызданушы тарап, футболшыға төленген қыруар қаржының бір бөлігі ел чемпионатында жеткен жетістіктері үшін сыйақы ретінде берілді, дейді. Сондай-ақ, 2015 жылдың соңында жалақы төлеу барысында шет ел валютасы мен теңге бағамындағы айырма ескерілмегенін алға тартты. Дегенмен, сот олардың бұл талабын негізсіз деп таныды.

Жазира Қанатбаева, Ақтөбе қаласы прокуратурасының прокуроры:

Қазақстан футбол федерациясы регламентінде еңбек заңнамалары басшылыққа алынған. Көрсетілген заң талаптарын ескере отырып, шағымданушының уәжі негізсіз деп білемін. Маркос Пиззеллидің өтемақы және жалақы жөніндегі арызы қанағаттандыруға жатпайды.

Қысқасы, футболшының талап-арызы қанағаттандырылған жоқ. Сот шешімімен  Пиззеллиге ешқандай өтемақы берілмейтін болды. Алайда, оның қорғаушысы бұл шешіммен келіспейтінін айтады.

Александр Вдовин, М.Пиззеллидің қорғаушысы:

«ФИФА-ға, Еуропалық арбитражды сотқа шағымданамыз. Нәтижесінде әділдікке қол жеткіземіз деп үміттенемін. Өкінішке орай, бұл жерде біздің талабымызға құлақ аспады».

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жағдай жергілікті  жанкүйерлерді де алаңдатып отыр. Себебі, арбитражды сот Пиззеллидің талабын заңды деп тапса, «Ақтөбе» футбол клубы халықаралық жарыстардан шеттетіліп, үлкен көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр болуы мүмкін.

Жақсыбек КЕМАЛ