Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысындағы халықты құлақтандыру жүйесінің 21 пайызы ғана жұмыс істеп тұр

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2024
  • 1411

Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде шұғыл ақпарат жеткізетін 119 дабыл белгісі немесе жалпы қажеттіліктің 21 пайызы ғана жұмыс істейді. 7 коммуналдық су қоймасында құлақтандыру жүйесі жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Облыс орталығы Тараз қаласында дабыл белгісі барлығы 39 орында, атап айтқанда, облыс әкімдігінің білім басқармасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз жоғары политехникалық колледжі мен №10, №12, №14, №20, №29, №32, №33, №36, №53, №54, №55, №56 орта мектептерде орнатылған. Сонымен қатар Тараз қалалық №2, №5 емханаларда, Абай көшесіндегі автоматты телефон стансасы, "ТаразКожОбувь" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "Әулие-Ата" халықаралық әуежайында да дабыл жүйесі іске қосылған.

Сонымен қатар "Жамбыл оқыту комбинаты", "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Минералды тыңайтқыштар зауыты", Батуров атындағы "ЖГРЭС-і" акционерлік қоғамы, "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамы, "АрайАгро-өнімдері", "Тараз қант зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де дабыл белгісі жұмыс істеп тұр.

Алайда тұрғындардың айтуынша, таяу уақытта екі ауданға бөлінгелі отырған Тараз қаласына 39 дабыл жүйесі аздық етеді. Себебі қаланың кейбір аймақтарындағы дабыл белгілері алыста болғандықтан жақсы естіле бермейді.

Ал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Нұрболат Өмірзақ мәселені шешу үшін облыс бойынша қанша дабыл белгісі қажет екендігі есептеліп, жергілікті атқарушы органға хабарлама тарату жүйесін орнату жөнінде өтініштер берілгенін айтады.

"Дабыл белгілері қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Соңғы рет Тараз қаласындағы дабыл белгілері жыл басында тексеруден өткен. Биыл 31 қаңтарда облыстық прокуратура және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілдерімен бірге қаладағы дабыл белгілерінің жұмысын тексеруден өткізгенбіз. Нәтижесінде облыс бойынша барлық істен шыққан дабыл белгілері қайта қалпына келтірілді. Дабыл құралдарын алуға 2018 жылы 229 миллион теңге бөлінген. Оған С-40 және СРУ сирена түрлері орнатылған", - дейді Нұрболат Өмірзақ.

Жуырда Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров те тексеру жұмыстарының нәтижесінде азаматтық қорғау күштерін жасақтау, эвакуациялық пункттердің дайындығы, сондай-ақ халықты хабардар ету жүйелерінде бірқатар бұзушылықтар анықталғанын мәлім етті.

"Бүгінгі таңда өңірдің азаматтық қорғау жүйесі азаматтардың қорғалуын толық қамтамасыз етпейді", - деді Нұрғалым Мәжитұлы.

Тексеру көрсеткендей, облыста төтенше жағдай кезінде халықты эвакуациялық пункттермен тиісті қамту қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі анықталған. Бұдан бөлек өңірде өрт қаупі бар бес жүзден астам нысанның болуына қарамастан, бөлімшелер жеткіліксіз жарақтандырылған.

Жалпы облыстағы әрбір бесінші өрт тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін білмеуі нәтижесінде орын алған. Бұл ескерту және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етеді. 2023 жылы дала және орман алқаптарында 50-ден астам өрт пен өрттің тіркелуіне қарамастан, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр.