Русский Сайттың толық нұсқасы

Онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаржы қысқартылмақ

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2024
  • 741

Халық қалаулылары Денсаулық сақтау министрінің орынбасарынан бұйрықты қайта қарауды талап етті.

Елімізде қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау деңгейі өте төмен. Салдарынан жыл сайын 13 мың адам кеселге қарсы тұра алмай ажал құшып жатыр. Онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаржы қысқартылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатерлі ісік жасына да, жынысына да қарамай жалмап жатыр. Кеселге шалдығып, ем таппай демі үзіліп кете баратындардың дені - Түркістан, Абай облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары. Министрлік ақпарына сүйенсек, қазірдің өзінде 3,5 миллионға жуық науқас есепте тұр. Олар әлі күнге онкологияны ерте анықтау қызметіне қол жеткізе алмаған. Астаналық 55-жастағы Сабыржан Нұржановтың да басына түскені осы жағдай.

– Бір дәрінің құны 1 млн 400 мың теңге, екінші дәрі 400 мың теңге. Сонда 2 млн көлемінде дәрінің құны шығады. Бұл бір ғана курс. Оны 21 күн сайын қабылдау керек, – деді қала тұрғыны Сабыржан Нұржанов

Бас онкологтың сөзінше, қатерлі ісік қазір жасарып барады. Пандемиядан соң күрт өсім байқалған. Елде 218 мың онкологиялық ауру тіркелген. Өткен жылдың өзінде 41 мыңнан астам жаңа жағдай анықталған. Аты жаман ауруға біздегі медицинаның қауқары жетпей тұрғаны анық. Тозығы жеткен емдеу құрылғылары мен құны шарықтаған қызмет. Салаға қаржы жетпеді.

– Соңғы уақытта тарифті 20 пайызға кесу деген шешім қабылданды. Бұл шешім тиімсіз. Оған жақсы талдау жүргізу керек еді. Ал бүгінгі жақсы жаңалық ДСМ тарифі уақытша кесіледі. Бұл бұйрықты қайта қараймыз. Яғни кейбір қосымшаларға зерттеу жүргізіледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Министрліктің мұндай қадамын қараша түсінбегені анық. Мәжілісмендер «өзі жетпей тұрғанда, салаға бөлінетін қаржыны тағы қысқарту – ойланбай қабылданған шешім» деді. Халық қалаулылары жиынға келген Денсаулық сақтау министрінің орынбасарынан бұйрықты қайта қарауды талап етті. Емдеу кезіндегі әр тарифті жекелей пысықтауды сұрады.