Русский Сайттың толық нұсқасы

Германияда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық әйелге қатысты министрлік мәлімдеме жасады

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2024
  • 683

Сыртқы істер министрлігі Германияда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық әйелге қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Германияда тұратын қазақстандық әйелдің жоғалып кеткені туралы жазған едік. Ақпаратқа сәйкес, 1984 жылы туған Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаева 4 маусым күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. 

Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, әйелдің жоғалып кеткені туралы оның ата-анасының өтінішінен кейін ғана белгілі болған.

"2024 жылдың 5 маусымында Қазақстан азаматтары 3 маусым күні қызының жоғалып кетуіне байланысты Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстан бас консулдығына хабарласқан. Біздің дипломаттар дереу жергілікті полицияға хабарласты, қазір іздестіру шаралары басталды", – деді министрлік өкілі. 

Министрлік мәліметінше, қазір неміс тарапымен бірге жоғалған азаматтың Қазақстандағы туыстарына виза алу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Біздің консул тұрғылықты мекенжайына барып, туыстарымен кездесті. Берлиндегі бас консулдығымыз бен елшілігіміз бұл мәселені ерекше бақылауға алу үшін Германияның сыртқы істер министрлігіне тиісті үндеу жолдады", – деді Смадияров.

Еске салсақ, бұған дейін Германияда тұратын қазақстандық әйел із-түссіз жоғалып кеткені туралы жазған едік. Әйелдің бауырының айтуынша, әйелді күйеуі мен енесі ұрып-соғып келген.