Астанада бірнеше күннен бері қолданбалар мен карталарда жолдардың көбі "қою қызыл" түсті көрсетіп тұр – жол жөндеу жұмыстарына байланысты қазір кептелістер 7 балдық көрсеткішке жеткен.Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Елордада кептеліс бойынша әдеттегі балл – 5, таңертең астаналықтар жұмысқа немесе балаларын мектепке апарған кезде қолданбалар негізінен осы санды көрсетеді. Жазда оқушылар демалысқа шығып, елорда көшелерінде көлік азайып, кептеліс болмайтын. Алайда биылғы жаз бұрын-соңды болмаған көлік кептелісімен басталды.
Астананың сол жағалауындағы көп көшелер қосымшада "қою қызыл" түсті көрсетіп тұр, ал кей жерлерде тіпті "қара" түсті көрсетеді. Карталардағы "қара" түс жол жөндеу жұмыстарына байланысты көшенің толық жабылғанын білдіреді.
Қазір Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылдары мен олармен қиылысатын көшелердегі жағдай күрделене түскен. Сарайшық көшесінің Тұран даңғылынан Момышұлы даңғылына дейінгі бөлігі толығымен қара түспен белгіленген – мұнда 17 маусымға дейін жөндеу жұмыстары жүреді.
"Сарайшық көшесінің Б.Момышұлы даңғылынан Тұран даңғылына дейінгі бөлігінде осы жылдың 13 маусымы сағат 21:00-ден 17 маусым сағат 06:00-ге дейін жол бөлігінің үстіңгі қабатын төсеу жоспарлануда. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан қала жолдарында кептеліс болмауы үшін бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", - делінген әкімдік хабарламасында.
Астаналықтар онлайн карталар қосымшасында жол-көлік оқиғалары мен жолдардың жабылуына шағымданып жатыр. "Қандай данышпан бәрін жауып тастауды ойлады екен", "Кептеліс", "Бәрі мұңды", "Жаяу жүрсем ендігі жетіп алатын едім" - деп шағымданған жүргізушілер. da-qiyndyqtar-tudy/