Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық және ресейлік депутаттар Палатааралық парламенттік комиссияның отырысын өткізді

Қазақстандық және ресейлік депутаттар Астанада Палатааралық парламенттік комиссияның 11-ші отырысын өткізді. Ұзақ үзілістен кейінгі комиссияның жұмысын қайта жандандыру туралы шешім Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында қабылданған еді. Бүгін жиын барысында екі ел депутаттары сан саладағы мәселелерді талқылап, мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтудың бағыттарын айқындады. 

Соңғы рет ынтымақтастық жөніндегі палатааралық парламент комиссиясының отырысы 2018 жылы өтті. Араға 6 жыл салып екі ел депутаттары тағы бас қосты. Отырыстың ресми ашылуында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы әрі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ресей – Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі. Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер басшылары әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Екіжақты қатынасты дамытуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Біздің әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Бүгін ұзақ уақыттан кейін комиссиямыздың жұмысын қайта жандандырғанымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге ынталылығымыздың айғағы.

Әлемдегі ең ұзын шекара болып саналатын Қазақстан мен көршілес Ресейді сан ғасырлар бойғы достық қатынастар байланыстырады. Депутаттар бірауыздан мемлекеттер арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнағанын айтады.

лександр ЖУКОВ, РФ ФЕДЕРАЛДЫ ЖИНАЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекеттеріміздің көшбасшылары парламенттердің алдына сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға атсалысу міндетін қойып отыр. Біз президенттеріміздің уағдаластықтарының іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуіміз қажет. Парламенттік өлшемдегі өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешу өте маңызды.

Күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселе шығарылды. Соның бірі ретінде тараптар өзекті бағыттар бойынша заң шығару қызметінде пікір алмасты. Атап айтқанда, тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруға кеңінен тоқталды. Елімізде цифрлық құқықты қалыптастыру және жетілдіру жолға қойылған. Сондықтан ресейлік әріптестермен бөлісер тәжірибе аз емес.

Серік ЕГІЗБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:

Ауыл шаруашылығы мәселесі де бар, оның ішінде сауда саттық мәселелері де бар. Қауіпсіздік мәселелеріміз де бар. Ол тек қана әскери жағынан емес, биылғы су тасқынын да ескеріп өтуге болады. Ресейде де суц тасқыны болды, бізде де болды. Екі арада қандай тәжірибе бар, қандай бірлескен шара қолдануға болады? Көптеген мәселелерді талқылаймыз.

Бұдан бөлек тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты да назардан тыс қалдырмады. Осы орайда қатысушылар Павел Казанцев пен Виктор Селиверстовтың басшылығымен екі ел арасындағы парламенттік достық топтарының белсенді және тиімді жұмысын атап өтті.

Павел КАЗАНЦЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ, «ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ» ДОСТЫҚ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Кезек күттірмейтін қандай да бір сұрақ туындап жатса, ашық сөйлесіп, мәселені тез арада шешуге тырысамыз. Арамызда берік байланыс орнағанының көрінісі де осы болар. Мәселен, екі ел шекарасында жүк көліктері кептеліп, тұрып қалды. Бірден жұмыс тобының аясында әріптестерімізге қоңырау шалып, мәселенің себебін анықтаймыз. Ресейлік әріптестер дереу депутаттық сауал жолдап, бір тәуліктің ішінде проблема шешілді.

Өткен жылы өзара сауда көлемі айтарлықтай өсті. Бұл ретте тауар айналымының шамамен 70% - і екі елдің мыңдаған компаниялары мен миллиондаған адамдары тартылған өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі. Жиынға қатысушылар осы саладағы байланысты одан әрі жетілдіру үшін кәсіпкерлердің нарыққа шығуына өзара тиімді жағдайлар жасау керек деген тоқтамға келді.

Виктор СЕЛИВЕРСТОВ, РФ ФЕДЕРАЛДЫ ЖИНАЛЫСЫ БЮДЖЕТ ЖӘНЕ САЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:

Отырыстың мақсаты-парламентаралық байланыстарды нығайтуды кеңейту. Біз қазақстандық депутаттық корпуспен жақсы таныспыз. Мен сондай-ақ "Қазақстан-Ресей" достық тобына төрағалық етемін. Бұл Мемлекеттік Думадағы ең үлкен топ, оған 60-қа жуық адам кіреді және біз бірлесе белсенді жұмыс істейміз. Өзара түсіністік бар. Біз жақсы ниетпен келдік. Бүгін айтылғанның бәрі нақты істерге айналады деп ойлаймыз.

Мәдени – гуманитарлық, білім беру саласында да екі ел арасындағы байланыс нығая түспек. Бұдан бөлек, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект сияқты заманауи салалар да назардан тыс қалмайды.

Альфия КОГОГИНА, РФ ФЕДЕРАЛДЫ ЖИНАЛЫСЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі ел арасындағы байланысқа қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, мемлекеттер арасында іскерлік, достық, одақтастық берік қарым-қатынас орнаған. Екі ел көшбасшылары айқындаған бағытты негізге алуымыз қажет.

Комиссия жұмысына қазақстандық тараптан вице-министрлер мен жауапты мемлекеттік құрылымдардың басшылары да қатысты. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар мен шешімдер шығарды.