Русский Сайттың толық нұсқасы

«Аппаратты өзің өшір деді» Ердос Қанаевтың әйелі марқұм ұлын есіне алды

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2024
  • 2200

“Жігіттер” тобының әншісі Ердос Қанаевтың жұбайы, блогер Айдана Мейірбекова өздерінің сал ауруымен туып, дүниеден озған марқұм ұлын есіне алды. 

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер “Айтарым бар” арнасына сұхбат беріп, 10 жыл бойы ауыр дертпен қалай күрескенін айтып берді.

“19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бойыма бала біткен күннен бастап, қатты қиналдым. 2010 жылы шілде айында тұңғышымды босандым. 7 ай бойы үй мен аурухананың арасын тоздырдым. Бір апта емделіп шығамын, екі күннен кейін тағы ауырып қаламын. Ұлым жеті айлық болып дүниеге келді. Туыла сала бірден перзентхананың жансақтау бөліміне түсті. Сол кезде-ақ дәрігерлер: “Баладан бас тарт, ол адам болмайды” деді. Оған дейін жүкті кезде ешкім маған денсаулығында кінәраты бар бала туасың деп айтқан жоқ. Жансақтау бөлімінің басшысы келіп, “Осындай тірі өсімдік саған керек пе, аппаратты өз қолыңмен өшір” деді. Содан кейін басқа ауруханаға алмастық. Екі дәрігер, бірақ болмысы әртүрлі екен. Бірінің жүрегі тас болып қалған ба, өз қолыңмен балаңды өлтір деді. Екіншісі жедел жәрдем көлігіне бүкіл аппаратын орналастырып, өзі келіп баланы алып кетті. Ол жақта 40 күндей жаттық. Маған күніне 30 минутқа ғана кіруге рұқсат етті. Айналасының бәрі шиқылдаған аппарат. "Миының төрт бөлігіне де қан құйылған, одан аман шығу мүмкін емес, 100-ден 1 пайыз ғана мүмкіндік бар" деді. Бірақ балам ол қиындықтан өтті. Шілде айында дүниеге келіп, қараша айында үйге шықтық. Ол кезде жаспын. ДЦП, мүгедек бала дегенді білмеймін. Тіпті көзімнен жас шығып, неге бұлай болып жатыр деп ойламағанмын да. Ұлымыз 10 жыл бойы ауыр дертпен күресті. Содан кейін шетінеп кетті”, – дейді көпбалалы ана.

Блогер ананың айтуынша, баласы бір жасқа толғаннан кейін ғана баласының диагнозын түсіне бастаған.

“Педиатр бала бір жасқа толғаннан кейін оның туабітті сал ауруына шалдыққанын түсіндірді. “Баланың жағдайы ауыр. Басын ұстай алмайды, көзі көрмейді, жұту қабілеті жоқ, аяқ-қолы жұмыс істемейді” деді. Тіпті мүгедектік рәсімдеп, мемлекеттен көмек алуды ұсынды. Содан келісіп, жәрдемақы тағайындады. Эфирде отырып айтқаным қаншалықты дұрыс екен. Біздің мемлекеттен берілетін көмекті алу мүмкін емес. Памперсін алып тұрдық. Аяқ киімі киюге жарамсыз. Баланың аяғына мүлдем ыңғайсыз. Содан аяқ киімді алмай қойдық. Біздің мемлекет мүгедектігі бар тұлғаға көмек беруге дайын емес”, – дейді Айдана Мейірбекова.