Алматы облысының Ұзынағаш ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы бар. Оған тек қазақстандықтар емес, көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстаннан да келіп, ем алады.
Мұнда аутизм, даун синдромы, ДЦП, тіл мүкістігі диагноздары бойынша кешенді ем жүргізіледі. Орталықтың басшысы Әсел Саурықова Ресей, Түркия мемлекеттерінен біліктілігін арттырып, командасымен бірге ерекше балаларды емдеп жүр.
Әсел САУРЫҚОВА, РЕАБИЛИТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Бұл орталықта біз ерекше балалармен жұмыс атқарамыз. Яғни церебралдық паралич, аутизм, тіл мүкісінде ерекшелігі бар балалар, сонымен қатар хромосомдық ауытқушылығы бар балалармен де жұмыс атқарып жатамыз. Оларды ортаға бейімдеуге барымызды саламыз.
Оңалту орталығының нәтижелі емінің арқасында қазір жергілікті жерде ерте туған сәбилердің ДЦП-ға ұшырауы 80 пайызға азайған.
Айсұлу АБДУХАЛЫҚОВА, АТА-АНА:
Результат бар қызымызда.Бізде жүруге, еңбектеуге результат бар. Дәрігерлеріміздің бәрі жақсы, өте керемет білікті мамандар екен.
Сонымен қатар мұндағы дәрігерлер скалиоз, астма, дисплазияға да кешенді ем көрсетеді.
Әсел САУРЫКОВА, РЕАБИЛИТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Ғани деген баламыз. Бұл бала басында келгенде жүрмеген. Мамасы көтеріп келген. Ғани келе қойшы! Бізде 2,5 жасынан бастап ем алып келе жатыр. Қазіргі мақсатымыз баланы бірінші сынып табалдырығынан аттату. Қазір қоғамға қосылып, бақытты балалық шақты кезіп жатыр. Жүруі, секіре алуы, бәрі қалпына келді.
Айгүл ЖҰМАНОВА, БАЛАЛАР НЕВРОЛОГЫ:
«Қамқорлық» ашылғалы 4 жыл уақыттың ішінде 30-ға жуық баланың тұсауы кесілді десем артық айтқаным емес. Командалық істің нәтижесі ретінде көрсетуге болады деп ойлаймын.
«Қамқорлық» оңалту орталығында жылына 1500-ден аса науқас алыс-жақын жерлерден келіп ем алады. Қазірдің өзінде тамыз айына дейін жазылым толық.