Мектептерде буллингпен күресу үшін КiVa бағдарламасы іске қосылады және қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Президенттің қабылдауында айтты. {КТМ} Ол мемлекет басшысына бір жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Алдағы уақытта балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталмақ. Қазір қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр.
Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты Заң бойынша депутаттар мен мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Осы заң бойынша қазіргі таңда алдын алу механизмдерді енгізу үшін аймақтармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар «111» мемлекеттік сенім телефонының ашылуымен айналыстық. 10 айдың ішінде 13 мың өтініш бойынша жұмыс істедік.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдап, оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.