Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «Айбын» Х халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Алматыда дәстүрлі «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Оныншы мәрте ұйымдастырылып жатқан сайысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан командалар қатысуда. Байрақты додада 14 пен 17 жас аралығындағы барлығы 750 жас патриот бақ сынайтын болады. 

Биыл әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Шара барысында Мемлекет басшысының сайысқа қатысушы жастарға арналған хаты оқылды.

Ғизат НҰРДӘУЛЕТОВ, ҚР ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан сендерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сендер адал және еңбекқор, ақылды әрі батыл, Отанымыздың лайықты азаматтары және нағыз патриоттары болуларың керек. Барлығың жиынға мұқият дайындалып, жеңіске жетем деген ниетпен келдіңдер. Мұндай жарысқа қатысудың өзі әрқайсың үшін маңызды жетістік және есте қаларлық оқиға.

Жиында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ халықтар арасындағы достық қарым-қатынас бекей түскенін атап өтті.

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Қаншама сыннан өтсек біз ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі халықаралық әскери-патриоттық жиын – халықтар арасындағы достық пен көрші елдермен татулыққа деген ұмтылыстың жарқын дәлелі.

Сайыстың ашылуында ұлттық спорт түрлерінен және қару-жарақты толық бөлшектеу мен құрастырудан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ жас өнертапқыштар арасында Smart Sarbaz байқауы мен «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны өтті.

Мейірбек МЕҢДІҒАЛИЕВ, "ЖАС САРБАЗ" ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ РҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Осы додада ең мықтылар анықталады деп ойлаймын. Бұл жиын 10 жылдық тарихы бар жиын. Бұл жиын мерейтойлық жиын болғандықтан, осы құрлық әскерлерінің әскери институтында керемет іскери потриоттық жиын өткізіп жатырмыз.

Халықаралық дода жалғасуда. Алдағы күндері бәсеке қыза түспек. Әскери техника мен құралдардың, спорттық жабдықтардың көрмесі мен клубтардың қызметін 18–22 маусым аралығында Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу орталығынан көруге болады.