Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар аптап ыстықта екі күннен бері жарықсыз отыр

Ал Орал қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары аптап ыстықта екі күннен бері жарықсыз отыр. Электр қуатынан тарыққандар тұрмыстық техникасының да істен шыққанын айтады. Амалы таусылған кәсіпкерлер саудасы тоқтап қалмауы үшін электр генераторымен амалдауда. Алайда тұрғындардың мұндай қозғалтқыш сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Май шаммен жан баққан олар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр. 

Нұргүл ИСАЛИЕВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Тоңазытқышым істен шығып, бүкіл азығым бүлінді. Құрманғазы көшесіндегі 152 және 154 үйлерде екі күннен бері жарық жоқ. Тіпті суға да түсе алмаймыз. Өйткені жарық болмағасын, су да дұрыс ақпайды. Пәтер иелері кооперативі мен қалалық жарық тарату бөліміне хабарластық. Бірақ ешқайсысы көмектеспеді.

Екатерина ПТИЧКИНА, КӘСІПКЕР:

Кеше пісірген тамақтың бәрін қоқысқа тастауға мәжбүрміз. Бүгінгіні де лақтыратын шығармыз. Обал! Басқа амал жоқ. Піскен тамақты көтергенімше үйіме алып кетемін. Екі күн бойы жарық болмағасын, қып-қызыл шығынға баттық. Кондиционер де, тоңазытқыш да өшіп тұр.

Жағдайды бүгін түзейміз деп уәде берген жауаптылар жарықтың жиі өшуіне аптап ыстық себеп дейді. Өйткені өңірдегі электр желілерінің тозығы жеткен. Сондықтан жел күшейіп жаңбыр жауған кезде қараңғыда қалған халықтың шағымы жиілейді. Бүгінде аймақтағы электр желілерінің 80% ескі. Саланы талапқа сай қылуға кемі 160 миллиард теңге керек. Бірақ мұны облыстық бюджет көтермейді. Дегенмен төтенше жағдайларға бөлінген қаржы арқылы тозған желі көлемін азайтамыз дейді. 

Тілек ХАРИН, «БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ЭЖТК» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

68-жылдан бастап, 85-ке дейін салынған желілер ғой, қосалқы стансалар болсын. Соның бәрі де осы қазір тозығы жетіп, қиындық әкеліп жатыр. Мына тарифпен қаралған ақша 8 теңге 02 тиын ол деген тек қана бізге қаржыға, жалақы төлеуге, 1500 адам бізде персонал облыс бойынша, соған жетеді.