Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтар марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады. Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты, табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылды. Мемлекет басшысы апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді. 

Тасқын кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсетті.10 өңірде төтенше жағдай жарияланды.19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. Салдарынан 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқару жұмыстарына күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері тартылды. Осылайша табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылып, біртұтас ел екенімізді көрсеттік деді,-Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік

Мемлекет басшысы Кентау қаласында тұратын Гауһар есімді оқушы қыздың ата-анасына отаншыл ұрпақ өсіріп жатқаны үшін алғыс айтты. Ол өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударған. Сонымен қатар Атырау облысының тұрғындары – тоқсаннан асқан Орынша Тоқтыбаққызы мен Әлия Досмұханованың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Президент көмек бергені үшін бауырлас мемлекеттерге, халықаралық компаниялар мен ұйымдарға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нағыз достық қиындықта сыналады деп тектен-тек айтпайды. Кейбір шетелдік азаматтар зардап шеккен адамдарға жәрдемдесу үшін арнайы келді. Осы сәтті пайдаланып, қиын-қыстау шақта қолдау білдіргені үшін шетелдік серіктестерімізге және достарымызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.