Русский Сайттың толық нұсқасы

«Біз әділеттілікті орнатамыз ба, әлде бұрынғыдай халықты әуреге сала береміз бе?», - депутат

Тұрғындар Жоғары соттың әділдігіне сенбейді. Шешіміне көңілі толмай, шағымданатындар көп. Оған Мәжіліс пен Президент әкімшілігіне келіп түскен хаттар дәлел. Халықтың басым бөлігі процестің түсініксіз әрі жабық өтетіне наразы. Енді осы мәселені шешу үшін сот жүйесіне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Осыдан кейін жұрт қалаған әділдік орнай ма? Аружан Задабектің материалы. 

Жоғары соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы соңғы үш жылда 270 мыңға жуық шешім шығарған. Соның 12 проценті аппеляцияға берілді. Бірақ депутаттар бұл статистикамен келіспейді. Шешімге наразылық танытқандар одан да көп болуы мүмкін, - дейді. Шағым көп. Процесс жабық. Ондағы мамандармен тілдес, тіпті, қиын. Депутат Зайытовтың өзі қанша жылдан бері сот қабылдауына жазыла алмағанын айтты.

Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Кейбір соттардың өзінде сотталушылардың “менің сотым ашық өтсін” деген сөзін қабылдамайды. Осы орайда соттың ашықтығы мен Парламенттің ықпалдылығын арттыру мақсатында заңның аясында қандай да бір сабақтастық табуға бола ма? Ең болмаса жылына екі рет талқылауға ешкім есеп сұрап отырған жоқ. Өйткені, бізге сот бойынша өте көп шағым келеді.

Тұрғындардың шағымын азайту үшін енді елде жаңа кассациялық сот құрылады. Жүйе сот төрелігі мен әділдігінің артуына септігін тигізбек. Кассациялық сот Астана қаласында отырып, бүкіл республикалық деңгейде жұмыс істейді.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл заң арқылы кассациялық қараудың алдында алдын ала қарау кезеңін алып тастау ұсынылып отыр. Дәл осы мәселе азаматтардың ашу ызасын тудыратын. Өйткені соттың шешімдері көп жағдайда халыққа түсініксіз. Сондықтан біз әділеттілікті орнатымыз ба, әлде бұрынғыдай халықты әуреге сала береміз бе?

Заңға өзгеріс еңгізілді делік, осыдан кейін барлық мәселе шешіле ме? Халықтың әділдікке көңілі толып, арыз-шағым азаятын болар?

Нұрсерік ШӘРІПОВ, ҚР ЖОҒАРЫ СОТЫ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Енді арыз-шағым мүлдем болмайды, күрт өзгереді деп айта алмаймын. Ондай уәде бере алмаймын, бірақ міндетті түрде төмендейді. Оған анализіміз бар, жоспарлап отырмыз. Естен шығармайтын жағдай, бұл соттың шешімі. Шешім шыққан кейін бір жақ ұтылады, бірақ жақ ұтады. Наразы жақтың өзінің ақиқаты бар. Өзінің шындығы бар.

Сот саласында әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан тағы бір мәселе бар. Бізде Президент Жарлығымен отставкаға кеткен судья төрағаның бұйрығымен қайта жұмысқа кіреді. Сонда Президенттің Жарлығынан Жоғарғы сот төрағасының сөзі маңызды болғаны ма? Жауаптылардың бұған жауабы бір. Мұны елде сот маманының жетіспеушілігімен байланыстырады.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Судья жетіспейді дейді. Жетіспесе дайындаңдар! Неге резерв жасамайсыздар? Сот жетіспейді деп Президенттің Жарлығынан биік шешім шығарасыздар ма? Сендер Конституцияны бұзып отырсыңдар ғой... Жалпы процедураны бұзып отырсыңдар. Заңгерлердің өздері заңды бұзып отыр. Олай болса, бәріміз заңды бұзып, бұйрық жасап отыра берейік.

Қазір елде 350 судьяның орны бос тұр. Үш жылдан бері қызметкерсіз отырған мекемелер бар. Әсіресе, тапшылық ауылда сезіледі.