Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2024 жылғы 19 маусымда Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында жалпыға бірдей декларациялау шарасының алғашқы қорытындыларына қатысты түсініктеме берді.
Ержан Біржанов көліктерің есепке алмағанда, 71 елде 3 мыңнан астам қазақстандық шенеуніктің жылжымайтын мүлкі бар екендігін таңданыспен жеткізген журналистерге түсініктеме берді.
"Тек шенеуніктер ғана емес, атап айтқанда, олар – мемлекеттік қызметкерлер,"Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" және Kazatomprom сынды ірі ұлттық компания сипатындағы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері. Олардың саны өте көп, 4 миллионнан астам адам өз мүлкін көрсетті. Онысы дұрыс қой енді, ешкім ештеңені жасырмады, өйткені қазір мүлік пен ақшаны жасыра алмайсыз, одан пайда жоқ", – деді ол.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігі қандай ақшаға бұл мүліктердің алынғандығына қатысты тексеру шараларын жүргізбейді.
"Сол квазимемлекеттік сектордың өзі декларацияны бұрын да тапсырған. Немесе аурухана қызметкерлері, олар ешқашан декларация бойынша біздің назарымызға бұған дейін ілінген емес, сондықтан тексеру шаралары жүргізілмейді. Егер олар қандай да бір мүлікті - пәтер сатып алса немесе үй салса, біз оны декларациясыз да біліп алар едік. Бұл қызметкерлерді декларация жасауға мәжбүрлеген жоқпыз, өйткені бұл ақпарат онсыз да автоматты түрде алынады, яғни бұл болған факт және біз оны декларациясыз да көріп отырмыз. Қалай болғанда да қандай да бір мемлекеттік қызметкер мысалы, үлкен коттедж немесе виллаларды көрсетіп жазады деп ойламаймын, егер оған қаражаты жеткіліксіз болса", - деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол алда жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде салық қызметкерлері тексеру шараларына кірісетінін жеткізді: кіріс пен шығысты, кезекті декларацияларда көрсетілген мүліктерді алдыңғысымен салыстыру және камералдық бақылау жүргізу.
"Жалақысы қанша, ресми табысының көлемінің қандай. Егер ол адамда үлкен сомаға түсініксіз жағдайда қандай да бір мүлік пайда болса, әрине сұрақтар болады. Ондайда жеке тұлғаға хабарлама жібереміз, егер ол таза ақшаға келгенін дәлелдей алмаса, онда тиісті санкциялар бойынша тексеру шараларын жүргізуіміз мүмкін. Егер шетелдегі заңсыз мүлік, жылыстатылған кірістер туралы айтатын болсақ, қазір осы мәселелер бойынша арнайы комитет ресми түрде құрылды, құқық қорғау функциялары да бар, бұл мәселелер олар арқылы да, біз арқылы да қадағаланатын болады", – деп сөзін түйіндеді Біржанов.