Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында киіз үйде лагерь ұйымдастырылмақ

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2024
  • 2350

Ақтоғай ауданында биыл ерекше лагерь жұмыс істейтін болады. Шабанбай би ауылында ашылатын киіз үй лагері «Жас турист» деп аталады. Лагерьді қаржыландыруға 20 миллион теңге қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Биыл Қарағанды облысында 1-10 сыныптың 160 мың оқушысы жазғы демалыстарын лагерьлерде сапалы, мағыналы өткізетін болады. Аймақтағы лагерьлердің жаз маусымындағы жұмысын ұйымдастыру үшін бюджеттен 482 млн теңге қаржы қарастырылған. Лагерьлердің 423-сі тамақтандырумен болса, 452 лагерь тамақтандырусыз. Сондай-ақ, қала сыртындағы 8 саяжай лагері жұмыс істейтін болады.

Оқушыларымыздың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, олардың шығармашылығын шыңдап, спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ, балалардың демалуына, сауықтырылуына, өз-өзін дамытуына облысымызда 900-ге тарта лагерь жұмыс істейді. Оның сегізі қала сыртындағы саяжай лагерь. Саяжай лагерьлердің бесеуі бүгінгі таңда жұмыс істеп тұр. Қалған 3 лагерь 20 маусымға дейін іске қосылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда рұқсат құжаттарын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар биыл облысымызда алғаш рет Ақтоғай ауданында киіз үй лагерін ашу жоспарланып отыр. Лагерь 210 ақтоғайлық баланы қамтитын болады, дейді Қарағанды облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

Киіз үйдегі лагерьді қаржыландыруға бюджет қаржысынан 20 миллион теңге қарастырылған. Бір маусым 5 күнге созылатын болады.