Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ тілінде компьютерлік ойын әзірлеушілер 3 миллион ұтып ала алады

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2024
  • 1920

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО 2024 жылдың шілде айында мемлекеттік тілде компьютерлік ойын әзірлеушілер арасында хакатон өткізбек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1-орын үшін – 3 миллион теңге. Байқау Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады.

TIL-QAZYNA PLAYGROUND атты байқауда үміткер командалар өзара бақ сынасады. Хакатонның мақсат-міндеті – ойын арқылы қазақ тілін үйретудің тың идеяларын жинақтау, қоғамға қажетті қазақ тілінде компьютерлік ойын әзірлеу, сол арқылы мемлекеттік тілде сөйлеушілер санын арттыру, ойын дайындау саласындағы жас мамандарды ынталандырып, олардың тың идеяларын насихаттау.

Сайыс шарты бойынша сайыс барысында қатысушылар геймдизайн, компьютерлік ойын прототипі мен демо нұсқасын дайындауы қажет.

Командалардың өтінімін қабылдау және тіркеу 2024 жылдың 18 маусым – 5 шілде аралығында жүргізіледі. Іріктеуден барлығы 5 команда ғана өтеді. Байқау 2 кезеңнен тұрады. 1-кезең – іріктеу, 2-кезең – жеңімпазды анықтау. Іріктеуден өткен 5 команда Астана Hub-та өтетін офлайн форматтағы 2-кезеңге шақырылып, қазылар алқасы алдында жұмыстарын қорғайды. 1-орынға ие болған 1 командаға 3 000 000 тг қаржылай сыйлық немесе жобаны толық аяқтау үшін арнайы шарт жасалады.