Русский Сайттың толық нұсқасы

Театр сахнасының құпия кейіпкері-бутафор

“Театр – киім ілгіштен басталады” десек, қойылым – бутафориядан басталады. Кейіпкердің жан дүниесін ашып, сахна атмосферасын сезіндіруде ерекше рөл атқаратын бутафорлар еңбегін бірі білсе, бірі білмейді. Астана опера театрында осындай 11 шебер бар. Сахнаның көркін келтіруші мамандармен тілші сұхбаттасып, көпке беймәлім саланың қыр-сырын біліп қайтты. 

 Ақбота ШАРИБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бутафор – қолдан түрлі бұйым жасайтын театр әлемінің сиқыршысы. Қойылымға керек болса, қалқанды да, қылышты да, әшекейді де жасайды. Мәселен, мұнда тұрғандардың барлығы дерлік бутафор қолынан шыққан туынды. Мұны жасауда шеберлер көз майын тамызып, күні-түні еңбек етеді.

Астана опера театрында осындай ерекше бұйымдарды жасайтын 11 бутафор бар. Соның бірі – Ерзат Елшібаев. Оң қолынан өнер тамған шебер иесінің театрда қызмет еткеніне биыл 11ші жыл. Содан бері шебердің қолынан қаншама дүние жасалған. Ал олардың әрқайсысын түпнұсқасына айнытпай жасау басты міндет саналады. Себебі, тұтас қойылымның ажарын осындай ұсақ-түйек дүниелер құрайды.

Ерзат ЕЛШІБАЕВ, “АСТАНА ОПЕРА” ТЕАТРЫНЫҢ БУТАФОР ЦЕХЫНЫҢ ШЕБЕРІ:

“Бұнда өте сложный, өте қиын режисерлер бізге талап қояды кейбір кезде. Бір нәрсе атылу керек, сыну керек, жану керек дейді. Бір алдында үлкен мына Байдерка дегенде жылан кувшиннің ішінен шығуы керек болған. Соған механизм ойлап табу керек болған. Оған қазір бар ғой мысалы машинаны пультпен басқарсаң, жаңадағыдай терезесіне көтеріледі. Сондай механизммен ойлап, жылан ішінен өзі билеп шығуы керек. Сондай ойлап тапқанбыз. Көңілімізден шығып жатады барлығы жақсы келсе.

Бутафор мамандығы барынша төзімділікті қажет етеді. Кейде спектакльдердің көптігінен үлгермей қалатын да жайттар болып тұрады. Бірақ, бұл да осынау шығармашыл саланың бір қызықты тұсы,–дейді шебер.

Дағыс БАЙДОЛ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СУРЕТШІ- БУТАФОРЫ:

«Иә, кейбір, кейбір кезде иә. Спектакльдер бір-бірінің үстіне қабаттасып, қос қостан келеді. Сол кезде үлгермей қалатын уақыттар да болады. Таңның атысы, күннің батысына дейін жұмыс жасауға тура келеді.»

Суретшінің еңбегі сахнада ғана көрініп қоймайды, ол қан тамыры тәрізді театрдың өн бойына тарайды. Ал мұндай саланың өзіне тән қызығымен қоса, қиындығы да болатындығы жасырын емес.

Гүлбарам ҚАПЫШЕВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СУРЕТШІ- БУТАФОРЫ:

«Қиындығымен кішкене қызық. Әртүрлі заттардың шешімін табу, Біз осы жерде отырып амалын іздейміз. Сол қиындықтардың арқасында көптеген жаңа материалдарды, жаңа техникаларды үйренуге болады.»

Әрбір спектакльдің сәтті шығуы осынша еңбек пен тердің жемісі. Сондықтан да мұндай асыл өнердің бағасы әрқашан жоғары саналады. Ал, сахна сыртындағы сарбаздардың еңбегін – көрермен қошеметі бағаламақ.Тұтас қойылымның көркі -осы ерен еңбек иелерінің арқасында ашылады.