5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 76 күн қалды. Жарысқа әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық адам қатысады. Дүбірлі дода 21 спорт түрінен өтеді. Тең жартысы ұлттық спорт түрінен болса, қалғаны – түркітілдес елдердің ойыны. Әзірге қала әкімдігі келушілерге 32 қонақ үйді дайындап отыр. Ойынның ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні “Астана Арена” стадионында өтеді.
Серік ЖАРАСБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Спорттық инфрақұрылымды айтатын болсақ, Астана қаласында «бір сызық» концепциясы қолданылады. Яғни, ойындар бір көшеде орналасқан Қабанбай мен Тұран көшелерінің бойындағы спорт нысандарында өтеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жалпы жүлде қоры -253 млн теңге. Командалық ойынға қатысып, жеңімпаз атанған топ 10 миллион теңгені еншілесе, екінші орынға 6 млн, үшінші орынға 4 млн теңге табысталады. Ал жеке спорт түрінен жеңімпаз атанған адам 500 мың теңгені иеленеді. Күміс медаль 300 мың, қола жүлдегері 200 мың теңге алады.
Наиль НҰРОВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп. Бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі.