Русский Сайттың толық нұсқасы

Шалғайдағы шағын ауылда құрылыс қарқынды

Тасқыннан кейінгі тіршілік. Тобыл өңіріндегі елдімекендерді жарықпен қамтамасыз ету үшін үкімет 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Топан су кезінде аймақта мыңға тарта баған құлап, отыз жеті ауыл жарықсыз қалған еді. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Аймақта баспана құрылысы да қарқынды. Арқалықта 50 пәтерлі көпқабатты үй, ал аудандарда жүзден астам жеке тұрғын үй бой көтереді. Соның қырық бірі шалғайдағы Көлқамыс пен Тәуіш ауылында салынып жатыр. 

Облыстың бір қиырындағы Тәуіште құрылыс қызу жүріп жатыр. Күзге дейін тұрғын үйлер түгел салынып бітуі тиіс. Кендебай Тұрмағанбетов – құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүр. Құрылыс алаңына күн сайын келіп, не істеліп жатқанын көріп кетеді.

Кендебай ТҰРМАҒАНБЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл пеш көмірмен жанады. 2-3 шелек салып қоясың, бүкіл үйді жылытады. Мына жерге газ-плита қояды. Керектің бәрін орнатады. Тек төсек орынмен көшіп келеміз.

Жангелдин ауданына қарасты Жаркөл округінде 42 үйді су басқан. Комиссия 34-і қалпына келмейді деген ұйғарым шығарыпты.Баспанасыз қалған 12 отбасыға Арқалық қаласынан пәтер берілді. Қалған жиырма екісі ауылда салынып жатқан үйлерге қоныстанады.

Фархад ТНАЛИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл бұрынғы үйлерімізге қарағанда заманауи. Туалет-ваннасы ішінде. Ыстық суы. Су, жарық тартып жатыр. Сапасы жақсы. Құрылысшыларға рахмет.

 Көлқамыс ауылында да 19 үй салынып жатыр. Топан кезінде Торғай жақтағы 88 үйді су басқан. Жөндеуге жарайтын 20 баспананы қалпына келтіруге бюджеттен 84 миллион теңге бөлініпті. Тасқыннан шаруа қожалықтары қоныстарындағы үйлерге де зақым келген.Оларға да қаражат қарастырылыпты.

Гүлмира ҰЗАҚҚЫЗЫ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Соның 6-ауына 3 млн-нан ақша бөлінді. 16-сына 10-20 млн-нан қаражат беріледі жаңадан үй салуға.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың баспана мәселесі осылайша реттеліп жатыр. Ендігі меже құрылыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалау. Аудан басшылары жаңа үйлер тамыз айында беріле бастайды деп сендіріп отыр.