Русский Сайттың толық нұсқасы

"Димаштың ізімен". Тағы бір қазақстандық әнші қытайлық шоуға қатысып жатыр

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2024
  • 361

Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Қытайдағы "Singer" конкурсына қатысып жатыр. Бұл жайлы продюсер Ертай Нүсіпжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Араға 7 жыл уақыт салып "Singer" сахнасына қайта оралдық. Бұл жолы - Рухия.

4 жыл үзілістен кейін тағы да миллиондаған көрерменге жол тартқан аты әлемге әйгілі музыкалық тележоба осы жылдың мамыр айында басталды. Бұл маусымның басты ерекшелігінің бірі - жоба тікелей эфирде, Қытайда өтіп жатыр. Бағалау халықтың дауыс беруі негізінде болады.

Рухия бүгін, Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де 8-кезеңде өнер көрсетеді. "Топ жару" статусымен келген бірінші шетелдік әншіге қойылған талап бойынша, Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік 4-ке енген әншілердің бірін таңдап, онымен жекпе-жек сайысқа түседі. Бағалаушы барша көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша, жеңсе келесі кезеңге өтеді. Ал, жеңілсе біз үшін сайыс осы тұста аяқталады.

Қалай болғанда да бұл үлкен еңбек, артыс-тартыспен келген жеңіс. Жеңіс дейтінім үлкен сахнада тағы бір қазақ күллі әлемге өнер көрсетіп, Қазақтың атын шығарады. Бұдан асқан жеңіс бар ма, сірә!

Қуан қазақ! Қолда қазақ!", - деп жазды Ертай Нүсіпжанов инстаграм-парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін 2016 жылы "Singer" конкурсына қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қатысып, екінші орын алған болатын. Бір қызығы, Рухия Байдүкенова да Димаш Құдайберген сияқты "Славян базары" конкурсының жеңімпазы.