Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада БАҚ өкілдері марапатталды

Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар таратып жүрген мамандардың мерекесі, әдеттегідей, кең көлемде атап өтіліп жатыр. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін төл мейраммен құттықтап, олардың қажырлы еңбегі үшін зор алғыс білдірді. «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады»,- деді ол өз сөзінде. Бүгін кәсіби мерекеге орай саладағы бірқатар қызметкерге мемлекеттік наградалар табысталды. 

Журналист – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Осылай деген мемлекет басшысы БАҚ саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін зор алғыс білдірді. "Мемлекет саясатын жан-жақты түсіндіруде медиа саласының салмағы басым" деді ол.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ:

Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады.

Тынымсыз еңбек ететін мамандық иелері бүгін бір сәтке қағаз бен қаламдарын ысырып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тілшілер қауымын төл мерекемен құттықтады.

Берік УӘЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ – БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Мемлекет басшысы үнемі БАҚ-та шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, телевидениені қарап, сайттарға көз жүгіртіп отырады. Оның барлығын үнемі назарында ұстайды. Арнайы тапсырмалар беріп, соның шешу жолдарын көрсетіп жатады. Сол себепті сіздердің қоғамдағы рөлдеріңіз өте зор.

Қалың елдің әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар таратып жүрген БАҚ өкілдері марапатқа ие болды. Олардың қатарында Астана телеарнасының қызметкерлері Әсел Иран-Ғайыпқызы мен Дастан Сейілхан да бар.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Ашық қоғам орнады. Жабық сұрақ жоқ. Барлық көкейкесті мәселелер ашық айтылып, қоғамда талқыланып, өзінің шешімін тауып жатыр. Сол арқылы осы БАҚ өкілдері біздің қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып қалыптасқанын көрсетеді.

Журналистика саласында көп жылдан бері қажырлы еңбек етіп жүрген ардагер журналист Мақсат Тәжімұрат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. «Журналистика – менің алғашқы махаббатым» дейді ол.

Мақсат ТӘЖІМҰРАТ, ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ:

Журналии дейтін халық өзі бір халққа жақын жүрретін елгезек және күй талғамайтын халық қой. Журналист дейтін халық еш уақытта өзінің еңбегіне ізет, атақ, құрмет сұрамайды. Бірақ беріп жатса бас тартпайды. Ол еңбекті ескеру деп есептейміз. Соншалықтың бір қамқорлықты, жылулықты сезіндім.

Төртінші билік атанған журналистиканың сыр-сипаты заман ағысына қарай өзгеруде. Сондықтан шынайы кәсіпқой маман болып қалу маңызды. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бұл мамандықтың мәртебесі қашан да биік.