Қарағандыдағы Нерченская көшесінде әуе желісін жөндеу кезінде "Қарағанды Жарық" компаниясының 36 жастағы электромонтерін тоқ соғып, мерт болды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Белгілі болғандай, марқұм Айдос Нүсіпбеков әріптесі Ернұр Еспаймен бірге ағаштарды қырқып, мұнарамен жоғары көтерілген.
"Мен еңкейе бергенде оны ток соғып жатқанын аңғардым. Дереу әріптестерімді шақырып, оған алғашқы көмек көрсетуге тырыстық. Жедел жәрдем шақырдық, бірақ бәрі кеш болды", - дейді Ернұр Еспай.
Айдостың туған-туыстары оқиға орнына жеткенде оның денесін мәйітханаға алып кеткен. Олар ер адамның қауіпсіздік ережелерін өзі бұзбағанын айтып отыр.
"Айдос бұл салада 12 жылдан астам уақыт еңбек етті, тәжірибесі мол. Әуе желісіне көтеріліп, жөндеуге кіріспес бұрын, олар барлық сымды ажыратуы керек еді. Бұл электромонтерлердің міндеті емес. Ол өзінің шала әрекетінен жан тапсыруы мүмкін емес. Бізде екі нұсқа болып тұр. Бірі - сымдарды ажыратпады немесе жұмыстың аяқталуын күтпестен тоқ берді. Мұны анықтау керек", - дейді марқұмның туыстары.
Марқұмның артында анасы, жұбайы, үш баласы қалды. Оның қайтыс болу себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айдос Нүсіпбековтің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабы бойынша басталған.