Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутаттар Үкіметтен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қайда кетіп жатқаны туралы есеп сұрады

  • AstanaTV
  • 22 ақпан 2017
  • 3379

Зейнетақы қорындағы ақша қайда кетіп жатыр? Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Майра Айсина Үкіметтен осындай есеп сұрады. Оның айтуынша, аймақтарды аралағанда халықты алдымен осы сұрақ алаңдатады. Сондықтан депутат Үкімет пен Ұлттық банктен 2014 жылдан бастап қор қаржысын қай бағытқа жұмсағаны және болашақта қайда жұмсайтыны туралы есеп сұрады.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

20-шы ақпанда Инвестициялар және даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның вице-министрі Альберт Рау экономиканың кейбір салаларын қолдауға биыл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақша бөлінетіні туралы айтты. Осыған орай Үкімет пен Ұлттық банктен 2014 жылдан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржысы қайда, қандай шарттармен берілгені және қашан қайтарылатыны туралы ақпарат берулеріңізді сұраймыз. 

Ал депутат Айқын Қоңыров, Үкіметке кедейлікпен күрес бағдарламасын енгізу керек, деген ұсыныс айтты. Оның ақпаратынша, Қазақстан халқының табысы 2016 жылы 4,5 пайызға азайып, тұрғындар кедейленіп барады.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚКХП фракциясының мүшесі:

Халықтың тұрмыс деңгейін көтерудің орнына Үкімет мәліметтерді бүркемелеп келді. Қазір орташа жалақы 136 мың теңгені құрайды, ол 416 доллар және көрсеткіш 2007 жылдан бері төмендеп келеді. Ал жалдамалы жұмыскерлердің шынайы жалақысы бұл көрсеткіштен екі есе төмен. Бірақ бұл туралы ешкім айтпайды. Табыс көлемі бойынша біз дамушы Иран, Қытай, Мексика және Тайланд сияқты елдерден қалып келеміз. Ал ресми статистика табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны 2007 жылдан бері азайып, не бары 2,5 пайызды құрап отыр. Яғни кедейлік деңгейі АҚШ пен Еуропадан төмендеп көрсетті. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды.