Еуропа одағында бірінші болып Грекия алты күндік жұмыс аптасын енгізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
1 шілдеден бастап Грекияда алты күндік жұмыс аптасы енгізілді. Өзгеріс өнеркәсіпте, бөлшек саудада, ауыл шаруашылығында және кейбір қызмет түрлерінде жұмыс істейтін жұмысшыларға әсер етеді.
Жұмыс кестесі туралы шешімді жұмыс беруші қабылдайды. Алтыншы күні қызметкерлерге күнделікті жалақының 40 пайыз мөлшерінде үстемеақы төленеді.
Грекия билігі жаңа заң компанияларды басқаруды жеңілдететінін, алты айға дейін сынақ мерзімін қысқартатынын (12 ай болған) мәлімдеді.
Заң күшіне енгенге дейін де гректер Еуропадағы ең көп жұмыс істейтін халық болды, олар аптасына орта есеппен 41 сағат жұмыс істейді. Деректерге сүйенсек, олардың табысы өте төмен. Гректердің орташа айлық жалақысы шамамен 1250 еуро болады.