Мәжіліс депутаттарының өңірлерге іс сапарлары басталды. Олар шілденің алғашқы онкүндігінде сайлаушылармен кездесіп, мемлекеттік маңызы бар нысандарды аралайды. Елордада бірқатар депутаттардың алғашқы нысаны «Тұран» газ жылу станциясы болды. Халық қалаулылары «АМАNАТ» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында салынып жатқан нысанның жұмысымен танысып, қызметкерлермен кездесті.
Алты қазандығы бар «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезектегі құрылысы былтыр аяқталған болатын. Биыл станцияның 4 қазандығы бар екінші кезектегі құрылысы іске қосу жоспарланып отыр. Қала сыртында орналасқан станцияда кездесу өткізген депутаттар сала мамандары мен нысандағы қызметкерлердің жоспарлары мен ұсыныстарын тыңдады. Энергетика басқармасының мамандары электр энергетикасы туралы заңға кейбір өзгерістерді енгізуді ұсынды.
Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта біздерде жұмыс жасап жатқан монополистер бар, сол монополистерде заңнамалық актлерге сай қосымша әртүрлі табыс көздерімен айналысуға болмайды. Сондай бір мәселе туындап отыр. Одан да бөлек бірнеше мәселе бар. Бүгінгі кездесу барысында біз оны ұсынысымызды енгіздік.
Ал депутаттар елімізде электр энергияларының тапшылығы сезіліп жатқанын айтады. Сондықтан келесі жоба - үшінші жылу орталығында энергетикалық қазандықтарды іске қосу, осы мәселені тез арада шешу қажет екенін айтты.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қаланың ішіндегі осы станциялардың, электростанциялардың бүкіл қуаты 500 мГбт болайын деп тұр. Ал енді жалпы тұтыну көлемі 900 мГбт болып тұр, бүгінгі таңда Астана қаласының сондықтан жетіспейтін 400 мГбт-ы осы үшінші жылу орталығында іске қосса, сонда тапшылық шешіледі деп ойлаймыз.
Қостанайдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндердің кезегін онлайн режим ретке келтірген. Практикалық кезеңнің техникасы да сақадай сай. Өңірдегі орталыққа барған депутат Екатерина Смышляева ондағы мамандармен тілдесіп, саланың түйткілін талқыға салды. Халық қалаулысы аймақта тағы бірнеше автодром салу қажеттігін атап өтті.
Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Полигон мәселесі өте өзекті болып тұр. Өйткені оны салу үшін қомақты қаражат қажет. Негізі бұл нысандар мемлекеттік корпорация еншісінде. Ал оның құрылысына кейбір жергілікті әкімдік пен жеке серіктестер кірісуге ниетті. Біз полигондарға қатысты талапты жеңілдетіп отырмыз. Яғни аумағын кішірейттік.Шығыны да азаяды деген сөз.
Ал депутат Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Мәжілісмендер ауылда 60-жылдары салынып, қазір тоз-тозы шыққан аурухананы сынға алды. Олар жаңа аурухана салу мәселесін көтерді. Сонымен қатар мұндағы халық Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасындағы жолдың жыры бітпей тұрғанын жеткізді. Депутаттар мұнан соң Рулиха ауылындағы наубайхана мен сүт фермасын аралады.
Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Шемонаиханың өзінде үлкен көпір салынады. Мұның барылы біздің елімізде әлеуемттік проблемалардың шешіліп жатқандығын көрсетеді. Әрине проблемалар бар. Ол проблемалардың барлығын жергілікті депутаттар, қоғам біз болып әріқарай бірге шешетін боламыз.
Ал Алматы қаласына аттанған депутаттар алғашқы жұмыс күнін қалалық кардиологиялық орталықтан бастады. Мәжілісмендердің бұл орталыққа келуіне қазіргі және бұрынғы 92 қызметкер қол қойған ұжымдық үндеу себеп болған. Хатта жаңа басшылық келгеннен кейін 100-ден астам қызметкер жұмыстан шығуға мәжбүр болғандығы айтылған. Депутаттар орталықтың жұмысымен танысып, жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін орталық басшылығынан қосымша мәліметтер сұрады. Бірде-бір өтініші қараусыз қалмайтынын, заңсыз жұмыстан шығарылған жағдайда міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатын айтты. Айта кетейік, халық қалуалыларының ауыл-аймақтарға сапары 10 күнге жалғасады.