Русский Сайттың толық нұсқасы

Құлсарыда су тасқынында бұзылған 10 шақырым жол қалпына келтіріледі

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2024
  • 236

Құлсары қаласының 110 көшесінде жалпы ұзындығы 31,8 шақырым болатын жолдарды асфальттау жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құлсары қаласында су тасқыны кезінде шайылған 10 шақырым жолды қалпына келтіру басталды. Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, қазіргі уақытта Шәкіров пен Қожанов көшелеріндегі жолдар жөнделуде. Тізімге Әбдірахманов, Сауран, Тайманов және Датов көшелері де енді. Бұдан басқа, Жылыой ауданын дамытудың кешенді бағдарламасына және қалаішілік автомобиль жолдарын жаңғыртудың үшінші кезеңіне сәйкес, Құлсары қаласының 110 көшесінде жалпы ұзындығы 31,8 шақырым болатын жолдар төселуде.Құрылысты ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда, - деді Бекет Бозжігітов.

Айта кетейік, Құлсарыда қалаішілік автомобиль жолдарын реконструкциялаудың үшінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу 2023 жылдың шілдесінен бастап жүргізілуде. Қазіргі уақытта ірі түйіршікті асфальтбетонымен 31,8 шақырым автожол, ұсақ түйіршікті асфальтбетонмен 18 шақырым жол толығымен асфальтталған.