Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытай Қазақстанға 24 миллиард доллар инвестиция салған

Қытайда білім алғысы келетін қазақ жастары үшін үкіметтік грант саны артуы мүмкін. Бұл туралы Президент Қытай Халық Республикасының Төрағасымен өткен кездесуде айтты. Былтыр екі елдің тауар айналымы 41 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазір 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Жетістік бұл ғана емес. Қытай Қазақстан экономикасына соңғы 15 жылда 24 миллиард доллар инвестиция салған. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтады. 

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасын «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің кортежін өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, ұшып өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысын өз сөзін «қадірлі досым» деп бастап, шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге алғысын айтты. Расымен Қытай – тату көрші, стратегиялық серіктес.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын. Бүгінгі басқосуымызды осының айқын дәлелі деуге болады.

Ал, «қымбатты досым» деп сөз бастаған Си Цзиньпин Президент реформаларының арқасында ел беделі айтарлықтай артқанын айтты. Былтыр қос басшы Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды талқылаған еді. Сол жиында «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынасын қарқынды дамытудың негізгі бағытын айқындаған.

Си ЦЗИНЬПИН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды.

Қазір 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оның жалпы құны – 14,5 миллиард доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит және жасыл экономика мен ауыл шаруашылығы саласын қамтиды. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа «алтын кезеңіне» өтті деп нық сеніммен айтуға болады.

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Бұл туралы талай айттық. Енді оны еселеуге мол мүмкіндік бар. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салудан шаршаған емес. 15 жылда оның көлемі 24 миллиард долларға жетті. Екі ел арасында визасыз режим күшіне енді. Қазір «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» өтіп жатыр. Ал келер жылы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр.

Ежелгі «Жібек жолынан» тамыр тартатын қос тараптың достығы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келеді. Дипломатиялық қатынас орнаған 32 жыл ішінде ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Оның кілті –өзара сенім мен ынтымақтастық.

Си ЦЗИНЬПИН, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейілділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бірқатар нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Екі елдің басшылары жүк паромдарының қозғалысын іске қосып, Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ, Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашуға келісім берді.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Алғашқы 100 студентіміз биыл оқуды бастайды. Филиалды ашуға дайынбыз!

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық та артып келеді. Қос мемлекет егіншілікте smart жүйесін қолданып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше ден қойған. Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Біз Қытай нарығына сапалы әрі табиғи ет өнімдерін, майлы және дәнді дақыл экспортын ұлғайтуға мүдделіміз. Ғылым мен білімде де жаңалық аз емес. Қазір Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жасы білім алады.

Қасым ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық.

Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 процентке артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 20 маңызды құжат қабылданды.