Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық дәрігерлер жарамсыз вакцина үшін жазаланды

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2024
  • 300

Өткен жылы емханаларда мерзімі өтіп кеткен дәрілер қолданылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақпарат агенттігінің ресми сауалына облыс прокуратурасы Аққулы және Тереңкөл аудандарында бес балаға қызылшаға қарсы жалған екпе жасалғанын хабарлады.

– Біз жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 21 536 419 теңгеге 9 488 вакцинаны кәдеге жаратып, бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаландық. Медициналық ұйымдардың тоғыз басшысы мен қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке, тағы екі қызметкер ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді олар сауалға.

Ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының екі орынбасары, «AlmazMedicalGroup» ЖШС директоры, «ViamedisPavlodar» ЖШС бірінші басшысы, «№1емхана» ЖШС бас дәрігері ескерту алса, Павлодар қаласының №5 емханасының, Аққулы, Тереңкөл аудандарындағы ауруханалардың басшыларына, Шарбақты аудандық ауруханасы меңгерушісінің міндетін атқарушыға сөгіс берілді.

«№1 емхана» ЖШС әкімшілігі өз қызметкерлеріне – балалар емханасының меңгерушісі мен бас медбикеге қатаң сөгіс жариялады. «ViamedisPavlodar» ЖШС мен Павлодар қаласының №1 емханасының екі екпе медбикесіне 55 380 теңге айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, «Viamedis Pavlodar» ЖШС-не бекітілген үш жасқа дейінгі екі бала мерзімі өтіп кеткен «Пентаксим» препаратын алған. Вакцинацияланған балалардың ешқайсысында теріс белгілер байқалмады.