Русский Сайттың толық нұсқасы

Баянауыл ауданы әкімі: 3 млн теңгеден астам қаражат шенеуніктердің еңбекақысы негізінде бюджетке қайтарылмақ

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2017
  • 3506

3 млн теңгеден астам қаражат Баянауыл шенеуніктерінің еңбекақысы есебінен бюджетке қайтарылады. Павлодар облыстық әкімдігінде өткен жиында Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов айтты. Анықталғандай, ішкі аудит қызметі өңірдің аудан және ауылдық әкімдіктерінде бюджетті жоспарлау және оны мақсатты жұмсау ісін сараптаған. Соның нәтижесінде тек Баянауыл ауданы мемлекетке 8 млн теңгеге жуық шығын келтіргені анықталыпты. Бөлім басшысының ақпаратынша, бюджеттік ақшаны ауқымды мөлшерде жымқыру дерегі осымен үш жыл қатарынан тіркеліп отыр. Жиын барысында жүйелі заңбұзушылыққа белгілі бір лауазымдық тұлғаның тікелей қатысы бары айтылды.

Ольга Крупникова, Павлодар облыстық әкімдігінің ішкі аудит бөлімінің басшысы:

Еңбекақы мен салықтық төлемдерге арналған қаржы ешқандай негізсіз жұмыскерлердің есепшоттарына аударылып отырған. Нәтижесінде Баянауыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша келген шығын көлемі 1 млн 800 мың теңгені құраған. Ал С.Торайғыров атындағы мәдени-ойын сауық орталығы 5 млн 800 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

Оразгелді Қайыргелдинов, Баянауыл ауданының әкімі:

Қазіргі уақытта бұл соманың 4 млн 600 мың теңгесі қайтарылды. 3 млн 131 мыңы қызметкерлердің еңбекақысынан ұсталып қалмақ. Оның ішінде 1 млн 960 мың теңгені сот арқылы қайтару жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінің ішкі аудит бөлімінің мәліметінше, бюджеттік қаржыны жоспарлау және жұмсау ісі бойынша өңірде 14 аудит жүргізілген. Тексерілген 8 млрд 78 млн теңгенің 28 пайызында заңбұзушылықтар анықталды. Жүйелі заңбұзушылықтардың дені бугалтерлік және қаржылық есеп-қисапта, қызметкерлерге жалақы мен іссапарлық шығынды өтеуде, мемлекеттік сатып алу ісінде кездескен. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктердің 300 млн теңгеге жуық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағаны анықталды.