Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 452 мыңы жұмыссыз

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың қатарына кіретін 452 мың адам жұмыссыз. Оның 116 мыңы – жастар. Өкініштісі сол – NEET санатындағы жастар көбейіп барады. Яғни, олар не оқу оқымайды, не жұмыс істемейді. Билік басындағылар жұмыссыздықпен күрес белсенді жүріп жатыр деп сендіріп-ақ келеді. Бірақ ол қаншалықты нәтижелі? Тұрақты қызметі жоқ, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Келесі сюжеттен көріңіздер.

Бек Құмарбек – 30 жаста. Жоғары білім алуға мүмкіндігі болмаған. Бірақ алдынан шыққан жұмыстан жатырқамайды. Құрылысшы болды, үй жөндеумен айналысты. Ал былтырдан бері жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Мансап орталығының бағыттауымен арнайы оқу орталығына келген. Қазір шаштараздықты игеруде. Алдағы уақытта өз ісін ашуды жоспарлап жүр.

Бек ҚҰМАРБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

2023 жылы фабрикада дезинфектор болып істедім. Сосын ол жерден шығып кеттім. Жұмыссыз ретінде тіркелдім. Оқу оқиын деген едім, қандай оқу бар, шаштараз болғым келеді дедім. 3 ай болды мұнда оқып жатырмын стипендия алып. Шашты кесіп, қиып, бояп үйреніп жатырмыз.

Орталықта жастармен қатар алпыстың алқымына шыққан қарттар да бар. 59 жастағы Балаби Нұрғалиев күзетші болғаннан жарытып ақша таппайтынын түсінген соң, шаштараздықты үйреніп алуды жөн көреді. Қазірдің өзінде клиенттік базасы қалыптасты. Осы істің арқасында нәпақасын тауып, отбасын асырап жүр.

Балаби НҰРҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын охранник болып жұмыс істедім. Охранниктің зарплатасы аз. 70 мың ғана. Негізі алдында өзім қайшымен шаш басатынмын. Мастерым шаш қиюды үйретіп жатыр. Балаларға мың теңгеден шаш қиямын, үлкендерді мың жарымнан қиямын. Аздап табыс тауып жатырмын уже. Адам көп болған кезде екі жарым, үш жарым мың. Әр жерде әртүрлі ғой.

Қазір мүмкіндік көп. Еңбек етуге ынтаң болса болғаны. Мұндай орталықтардың бағыты әртүрлі. Сән салонында істейсіз бе әлде тігін тігесіз бе - өз қалауыңыз. Оқу орталықтарында коммерциялық топтардан бөлек Мансап орталығымен бірлесе ұйымдастырылған жұмыссыздарды қамтамасыз етуге бағытталған топтар бар. Осындай бір орталықтың өзі жылына ондаған маман даярлап шығарып, жұмысқа орналастырады. Небәрі 3 айда азаматтар жаңа мамандықты игереді. Тегін оқып қана қоймай, шәкіртақы алады.

Зарина СӘУЛЕБАЕВА, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің оқу орталығымызда 3 бағыт бар. Тырнақ жөндеу мастерлары, парикмахерлар және косметология бар. Мансап орталығымен жұмыс істеп жүргенімізге осы жылы 3-ші поток болып жатыр. Жылына 20 адам шығарамыз. 20 адамның бәрін 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Осы курстан білім алғанның нәтижесінде бізде 3 адам салон ашып жатыр.

NEET санатындағы жастарға қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы іске қосылған. Бұл жоба еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған. Нәтижесінде былтыр 10 мыңға жуық жас маман жоба аясында жұмысқа орналастырылды.

 Азамат ДӘУЛЕТЖАН, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Былтырғы жылы бізде еңбек нарығын дамытудың тұжырымдамасы қабылданды. Жұмыссыздық мәселесінде жұмыс орындарының болмауына немесе жұмыс талаптарының адамдарға сәйкес келмеуі деген сияқты көптеген факторлар бар. Мемлекет тарапынан еңбек нарығын дамытудың басты басымдығы жұмыс орындарын құру болып табылады.

Биыл елімізде 900 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Ол ұлттық жобалар, салалық тұжырымдамалардың арқасында іске асырылады.