Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жүз жасөспірім бір уақытта робототехникамен айналысып жүр

Биыл елімізде 3 миллионнан астам оқушы жазғы лагерьде демалады. Олар үшін 11 мыңнан астам демалыс орны дайындалған. Лагерьдің біріне біздің тілшіміз барып, балалардың жазғы демалысын қалай өткізіп жатқанын көрді. Дәрібек Бахытбек әрі қарай өзі айтады.

Балалар жаз келісімен бірден лагерьге асығады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, әр мектептің 60-70 пайызы оқушысы демалыс орындарына барады екен. Онда ойын-сауықтан бөлек түрлі бағытта білімін де жетілдіруге мүмкіндік бар. Мәселен Астанадағы бұл орталыққа келушілер робот құрастыруды үйреніп жүр.

Асылай АБАЙНҰР, ОҚУШЫ:

Маған өте жақсы ұнады. Мен де осындай конструкторлар мынадай сияқтылар жоқ. Сондай кішкентайлар бар және үлкендер конструкторлар бар. Мынаған ұқсамайды бірақ әр нәрсе жасаймын.

Робототехниканы мұнда арнайы мамандар үйретеді. Күніне бір жетекші 10-12 балаға сабақ өтеді. Қыз балалар мұнда әр сабақ сайын жаңа робот құрастырады.

Дильназ ҚАЙЫРЖАНОВА, РОБОТОТЕХНИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Оқушылар бізде әр сабақта теория өтеді, практика өтеді. Және практикамен қоса біз интерактивтерді өткіземіз. Орташа есеппен бір сағаты теория. Жарты сағаты робот жинайды. Және қалған уақытты қыздар бағдарлама жасайды. Роботтарды компьютер арқылы қосады. Қыздардың қызығушылығы өте жоғары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар мұнда үш ай сабақ алады. Сосын робототехника бойынша байқауға қатысады. Айта кетейік, бұндай жазғы лагерь Астанада алғаш рет өткізілуде.

Cанжар ШАЛҚАРБЕКОВ, РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жазғы лагерьдің басты мақсаты - қоғамдағы қалыптасқан гендерлік стереотиптерді өзгертуге жасалып жатқан проект. Бұл - үш айлық проект. Осы жобаның ең соныңда біз қыз балаларға арналған робототехникадан турнир өткіземіз. Олар үш айдың ішінде біліп алған білімдерін сол турнирде қолданады.

Астанада бұдан бөлек 75 бейіндік және 21 этнолагерь бар. Білім беру қорының қаражаты есебінен 7326 оқушы тегін демалады.