Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ақшадан қатты қысылғаннан тойға келдім". Шоумен Руслан Ысқақ сұқбатта сырын айтты

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2024
  • 502

Танымал шоумен, асаба Руслан Ысқақ той бизнеске алғаш қалай келгенін айтып, ағынан жарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Танымал шоумен, асаба Руслан Ысқақ өзінің туған күн кешінде журналист Анна Данченкоға берген сұқбатында көпшілік біле бермейтін сырын ашты. 

"Негізі тойға шығу мүлде ойымда, жоспарымда болмаған. Бала кезден айтысқа, КВН-ге қатысып, сол салада жүрген едім. Шынымды айтсам, ақшадан қатты қиналғаннан тойға келдім. Қатты қысылғанымнан жан бағу үшін, ақша табу үшін бастадым. Себебі оған дейін даяшы боп та жұмыс істеп көрдім, базарда арба да айдадым. Қиындықтың бәрін Алматыға келгелі көргенмін. Ата-анамнан ерте айырылғанмын. Анамнан 7 жасымда, әкемнен 17 жасымда айырылдым. Бүгінгі тойда әке-шешем жоқ, тек қана достар, бауырлар, замандастар және аз ғана туысқандарым бар. Алматыда тұратын жер таппай, қонатын тау таппай жүргенде мұндай жетістікке жетіп, осындай деңгейге жетемін деп ешқашан ойлаған емеспін", - деді асаба. 

Журналист Анна Данченко қанша қуанышта, тойда бірге жүрсе де асабаның мұндай қиын жолдан өткенін алғаш рет естіп тұрғанын айтып, таңданысын жасырмады.

Танымал тамада Руслан Ысқақ Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы екен. 

"Бала кезден ет жеп, қымыз ішіп, атқа мініп өскен қазақпыз", - деп әңгімесін жалғастырған ол алғашқы тойға қалай тапсырыс алғанын да жасырмай баяндап берді.  

"Ең алғашқы тойға тапсырыс алу үшін тойханаларда визитка таратқан едім. Алғашқы жүргізген той татарлардың тойы болды. Әлі есімде қазақ тілінде басқарған халал той болатын. 80-90 адамдық ұзату тойда сөзімнен жаңылып, достарым көмектесіп тойды әрең дегенде мәресіне жеткізгенмін", - деп еске алды Руслан Ысқақ.