Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғызстанда тыйым салынған ауғандық сусын Қазақстанда сатылымнан шығарылмайды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2024
  • 329

Ауғанстанда өндірілетін анар дәмді Royal газдалған сусыны балаларға зиянды болғандықтан Қырғызстанда сатуға тыйым салынды. Алайда, Қазақстанда бұл өнімді неге сатуға әлі де рұқсат беріп отырғанын Kazinform агенттігінің тілшісі анықтады. 

Шілде айының басында Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі жанындағы мемлекеттік санэпидбақылау Royal анар сусынының құрамында Е122 азорубин бояғыш заты барын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл элемент балалардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. 

Ош қаласындағы сауда орындарындағы сусындар тәркіленіп, сауда желілерінің басшыларына аталмыш сусынды сатуға тыйым салынғаны туралы ескерту жасалды. 

Бұл мәлімдемеге Қазақстан тарапы да жауап берді. ҚР санэпидбақылау комитетінің мәлімдеуінше, аталған сусынның елімізде сатылуына тыйым салуға құқықтық негіз жоқ. Ведомство өнімге зертханалық талдау жасап, Е122 Азорубиннің газдалған сусын өндірісіне қолдануға рұқсат етілетінін түсіндірді. Кедендік одақтың техникалық регламентінде 1 кг өнімге 50 мг қолдануға болатыны айтылған. 

– Егер кедендік одаққа мүше елдердің бірі қандай да бір өнімге шектеу қоятын болса, Еуразиялық экономикалық одақ тәртібіне сай ЕАЭО мүше елдердің бәріне ескертуі керек. Қырғыз республикасының денсаулық сақтау министрлігінен біз мұндай хабарлама алмадық, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санэпидбақылау комитетінің техникалық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Садубаева.

Сонымен қатар ауғандық өнімге қатысты ведомствоның белгілі бір сұрақтары да бар болып шықты. Олардың өнімі белгіленген маркировкаға сай болмай шықты. Онда сусынның өнімдік құндылығы, құрамы және дайындаушысы туралы мәліметтер жоқ. 

– Біз аймақтық бөлімшелерге барлық кәсіпкерлік субъектілеріне аталған өнімнің сәйкестік декларациясы жоқ болғандықтан, оны сатуға шығармай тұра тұруын ескертуді ұсындық, - деді маман.

Ол әзірге өнімге шектеу қою үшін осы да жеткілікті, бірақ оған тыйым салу үшін емес екенін атап өтті. 

Ал, Өзбекстан Ауғанстаннан әкелінетін Royal сусынын қайта тексеретін болды.