Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Қытай арасында 75 млн АҚШ долларына ет экспорты бойынша келісімге қол қойылды

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2024
  • 171

АШМ алаңында 75 млн АҚШ долларына ет экспорты бойынша келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының экспортты ұлғайту жөніндегі тапсырмасы және ҚХР мен ҚР арасында қол қойылған ветеринарлық талаптар жөніндегі хаттама шеңберінде жұмысын жалғастырып отыр. Осыған байланысты бүгін ведомствода Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларының басшылығымен кездесті.

Министр ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Қытай серіктестігінің маңыздылығын атап өтті. Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы біздің ірі сауда серіктестеріміздің үштігіне кіреді. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67%-ға артық. ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 2 есеге өсіп, 1 млрд АҚШ долларына жетті.

«Қытайға экспорттың негізгі көлемі дәнді және майлы дақылдарға, түрлі майларға тиесілі, бірақ біз мал шаруашылығы өнімдері есебінен экспорт көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз», - деп атап өтті министр.

Айдарбек Сапаров Қазақстанда экспорттық әлеуетті тиімді пайдалану және дамыту, экологиялық таза өнім өндіру, жем-шөп өндірісі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары күшейтілді, жемшөп дақылдарының алқабы 314 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл үрдіс мал шаруашылығының барлық түрлерінің, оның ішінде құс шаруашылығының, сүтті және етті мал шаруашылығының дамуына ықпал етеді.

2024 жылдың ақпанында ҚХР Үкіметі Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінен ет өнімдерін экспорттау бойынша шектеулерді алып тастады. Бұл жоғары сапалы азық-түлік өнімдерінің экспортын жаңғыртуға мүмкіндік берді – сиыр етінің бірінші партиясы маусым айында ҚХР-ға экспортталды. Бүгін 75 млн АҚШ доллары сомасына үш жаңа шартқа қол қойылады.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында біздің министрлік пен ҚХР ГТҚ арасында ірі қара малды экспорттауға арналған ветеринарлық талаптарды келісу жөніндегі Хаттамаға қол қойылды. Экспортталатын өнім номенклатурасын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. АӨК өнімдерінің тағы 10 түрі әзірленуде. Біз АӨК саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және ынтымақтастыққа ашықпыз. Оның үстіне бұл бағытта оң тәжірибе бар: майлы дақылдарды қайта өңдеу, құрғақ сүт өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді, бидайды, жүгеріні терең қайта өңдеу зауыттарын, мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған», – деді министр.

Өз кезегінде қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстанмен сиыр еті мен тірі мал сатып алу тұрғысынан ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Beijing Capital Agro компаниясы 2030 жылға дейін етті мал шаруашылығы саласына 600 млн доллардан астам инвестиция салуға ниетті. Жоба аясында бордақылау алаңдары құрылады, 600-ден астам фермерлік шаруашылық пен жұмыс істеп тұрған бордақылау алаңдары іскерлік әріптестікке тартылады.

3500-ден астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша «Meat processing and Servis company», Agro Silk Way, «Астана Агро Продукт» ЖШС ҚХР компанияларымен ет экспортына, сондай-ақ тірі мал жеткізуге үш келісімшартқа қол қойды.