Семейде күтушісінің күйеуінің қолынан қаза тапқан 4 жастағы баланың өліміне қатысты сот аяқталды. Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ерлі -зайыптыларға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келіншек 4 жастағы баласын бірнеше айға күтушіге тастап, жұмыс істеуге кеткен. Күтушінің күйеуі бүлдіршінді ұзақ уақыт бойы азаптап өлтірген. Баланың денесі 2023 жылдың күзінде Семей маңындағы тас жолдың бойындағы әжетханадан табылды. Ұлын күтушіге сеніп тапсырған әйел қайтып оралғанда баласының жоғалып кеткенін хабарлаған.
“38 жастағы ер адам үйінде жас балалардың көзінше мас күйде, киімсіз жүрген. Ол өзінің 9 жастағы қызына қатысты сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер жасаған. 4 жастағы баланы физикалық және моральдық тұрғыдан азаптаған. 4 ай бойы күтушінің үйінде болған баланы оның күйеуі жақтырмаған. Ол бүлдіршінді бірнеше рет ұрып-соққан. 4 жастағы бала ауыр жарақат салдарынан көз жұмды”, – деп мәлімдеді Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Қаскөй баланың өлгенін күтіп, оған ешқандай көмек көрсетпеген. Кейін оның денесін сөмкеге салып, жол бойындағы дәретхананың шұңқырына тастап кеткен. Ал баланы сеніп тапсырған күтуші әйел бүлдіршінді күйеуінен қорғау үшін ешқандай әрекет жасамаған.
Мемлекеттік айыптаушы ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Ауырлататын факторлар жоқ болғандықтан және жас балалар түріндегі жеңілдететін жағдайлардың болуын ескере отырып, прокурор әйелге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
“141-баптың 2-бөлігінің санкциясымен баламалы жаза қарастырылған: бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде. Ер адам азаптау бабымен кінәні толығымен мойындады, қалған айыптардан бас тартты. Әйел өз кінәсін толық мойындады”, – делінген хабарламада.
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы азғындық әрекеттері үшін (қылмыстық кодекстің 124-бабы 2-бабы), азаптау (1-тармағының 110-бабы 2-бабы), кісі өлтіру (99-бабы 3-бөлігі) өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ал оның жұбайы баланың абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан өмір мен денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны (141-бабы 2-бабы) үшін сотталды.