Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жастар Рухы» белсенділері және«BizBirgemiz» қоры Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2024
  • 445

«BizBirgemiz»қоғамдық қоры бастамасымен «AMANAT» партиясының «ЖастарРухы» Жастар қанаты белсенділері сел тасқынынан зардап шеккен Қырғызстан тұрғындары үшін Алматы қаласынан 40 тонна гуманитарлық көмекті жолдады. Қазір жүк Ош қаласына жеткізілуде.

Қырғызстанның Ош облысындағы сел салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басып, күрделі қиындықтарды тудырды. Осыған орай, «BizBirgemiz»қоры мен «ЖастарРухы»Жастар қанатының еріктілері эвакуацияланған тұрғындар үшін азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттарды жинап, өз тараптарынан көмек көрсетуге кірісіп кетті.

«BizBirgemiz» қорының жетекшісі Перизат Қайраттың айтуынша бауырлас Қырғызстанның тұрғындары көктемдегі су тасқыны кезінде елімізге қолдау білдірді дейді:

«Елімізде орын алған төтенше жағдай кездерінде қырғызстандықтар қолдау көрсетіп, жанымыздан табыла білді. Қиын халде қалған Ош облысының тұрғындарына да тиісті демеу білдіру –біздің парызымыз деп білемін. Дайындалған заттар ішінде ұзаққа жарамды азық-түліктер, төсек орындары – матрас, жастық, жамылғыш және т.б. бар», — деп атап өтті ол.

Өз кезегінде гуманитарлық жүктерді тиеуге және жөнелтуге көмек көрсету үшін аз уақыт ішінде «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Әкежан Кеңесов бірнеше ондаған еріктілерді жұмылдырды.

«Біздің еріктілер кез келген жағдайда көмек көрсетуге әрқашан дайын. Бауырлас қырғыз еліне қолдан келген көмекті аямайтын боламыз. Төтенше жағдайлар кезінде тәжірибе жинақтаған жастармен Ош қаласына жол тарттық», — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Ош облысы мен Ош қаласындағы қарқынды жауын-шашынның салдарынан қатты сел жүрді. Сел тасқыны кезінде алты адам қаза тапты. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қоса800-ге жуық ғимарат апаттан зардап шекті.