Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға бір айда 200 баспана тапсырылды

Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға бір айда 200 баспана тапсырылды. Бірлік шағын ауданында үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қоныс тойын тойлаған жұрттың басым бөлігі тіпті бақша егіп үлгерген. Анашкиндар отбасы жаңа үйдің кілтін бір ай бұрын алған. Алапат су тасқыны олардың үйін шәйіп, ескі баспана тұруға жарамсыз болып қалды.

Светлана АНАШКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біздің Ойқала шағын ауданындағы үйіміз небары 30 шаршы метр болатын. Ал мына үйдің ауданы одан 2.5 есе асады. Осындай кең баспананың бұйырғанына біз бастапқыда сенбедік. Үйдің сапасы жақсы. Қазір ақырын-ақырын есік алдын қалыпқа келтіріп жатырмыз.

Көктемде Петропавл бойынша 2 мыңнан астам үйді су басты. Оның 80 пайызы апатты деп танылған. Осы уақытқа дейін әкімдік тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 627 пәтер сатып алған. Ал жер үйде тұрғысы келетіндерге Бірлік шағын ауданынан үйлер бөлініп жатыр.

Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Инфрақұрылым тартылған. Су, свет бар. Жылу да тартылған. Одан бөлек балабақша салынып жатыр. Сондай-ақ, дүкен және басқа сауда орындарын ашу жоспарланып жатыр. Екі-үш аялдама жерде комфортная школа дейміз, ыңғайлы мектеп салынын жатыр. Бірінші қыркүйекте ашылатын болады.

Демалыс күндері тағы 50 үй қолданысқа берілмек. Жалпы Бірлік шағын ауданында 700 баспананы салу жоспарда бар. Жергілікті билік олардың құрылысын қазанның біріне дейін аяқтауды көздеп отыр.