Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қызға таласқан жігіттер пышақтасып, бір бозбала көз жұмды

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2024
  • 391

Алматыда қызға таласқан жас жігіттер пышақтасып, 17 жастағы бозбала ажал құшты. Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктіні полицейлер көп ұзамай құрықтаған. Ал достарымен бірге TikТоk арқылы табыс табумен айналысқан марқұмды жақындары туған жері Таразда жерледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Томирис ықшамауданындағы үйді ұлы мен қызы аралас бір топ жасөспірім жалдап тұрған. Көрші-қолаң сейсенбіде таңғы алты шамасында солардың айқай-шуынан оянған. Мұнда оларды іздеп ересек жігіттер келген екен.

Жігіттердің дәл сол жерде басталған әңгімесі көп ұзамай төбелеске ұласқан. Артынша 21 жастағы ер бала өзінен төрт жас кіші жігітті пышақтап, жасөспірім оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

"Бір бала дарбазаны ұрып, айқайлап жылап жатты. Қолы қан-қан, былай қарай жүгіріп кеткен. Екі жедел тобы келді. Бірден жедел жәрдем де жетті. Ана баланы жылдам алып кетті", - дейді көршісі Ырысты Қалжан.

Содан кейін бұл маңай тынышталып қалған. Жасөспірімдер жалдап тұрған үй қазір бос тұр. Ал қанды қылмысқа жігіттің қызғанышы себеп болған көрінеді.

"Ересектері болды, бұлардың. "Төбелес не үшін болды" деп сұрадым. "Қыз үшін болды, ана қыз полицияның машинасында отыр" деді.

Куәгерлердің айтуынша, марқұмды пышақтаған соң, күдікті көлікке мініп қашып, полицейлер оны алысқа ұзатпай ұстаған. Қазір қолы қанға боялған жігіт тергеу изоляторында отыр. Ал 17 жастағы Әлібекке сұғылған пышақ тәркіленген.

"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр", - деді Алматы полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Көршілерінің айтуынша, ұл-қыздардың мұнда көшіп келгеніне бір айдай ғана болған. Олардың бәрі Тик-Ток желісі арқылы табыс табумен айналысқан көрінеді. Марқұмды жақындары өзінің туған жері Тараз қаласында жерледі. Ал күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.