Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараз тұрғындары жылу ақысына ай сайынғы түбіртектің түрлі бағада келетініне наразы

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2017
  • 2840

Таразда жылудың төлемақысына қатысты дау туды. Ай сайынғы түбіртектің түрлі бағада келетіні «Арай 2» шағын ауданындағы бұқараны ашындырып отыр. Айтуларынша, есептеуіш техника жұмсалған жылуды қате есептейді. Салдарынан тұтынылған жылуды өлшеу пәтерлердің шарты метрі бойынша есептеліп жатыр. Алайда, 1 бөлмелі үйдің төлемі 3 бөлмелі пәтердің жылу бағасынан 2 есе жоғары. Тұрғындардың жанайқайын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.

85 шаршы метрге екі-ақ мың теңге келеді. Ал, өзімдікін айтайын 79 шаршы метрге 9 мың 300 теңге келеді.

Бұл көпқабатты үйлер өткен жылдың ақпан айында қолдануға берілген. Бастапқыда тұрғындар жылу сапасына наразы болған еді. Ал қазір оның төлемақысы дұрыс есептелмейді деп шу шығарып отыр. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасындағы шикіліктерге шамданған олар, 1 жылдан бері жылу ақысын екі есе төлетіп келген есептеу жүйесі тоқтатылсын деп, талап қойды.

Жолдас Әбдірайым, Тараз қаласының тұрғыны:

Басында элеватор салынғанда, онымен қоса есептегіш қойылды. Ал, енді қойылғаннан кейін, сол есептегішпен төлеуіміз керек қой біз. Не үшін шаршы метрмен төлейміз?

Жақсыкүл Момбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

78 шаршы метр ғой бізде. Соған 10  мыңнан аса шығады ай сайын. Басқа подъездер есептегішпен төлейді.

Осындай түсініспеушілікке тап болған тұрғынның бірі  - Мұрат Нахыпбек.  Ол 1 бөлмелі пәтерде тұрады. Алайда, жылуға жасайтын төлемі ақылға қонымсыз дегенді айтады.

Мұрат Нахыпбек Тараз қаласының тұрғыны:

Үйім менің 45,6 шаршы метр. Маған айына жылуға қаңтар айына 5 829 теңге 83 тиынымен келген. Себебі мен 1 бөлмелі үйде тұрамын, шаршы метрмен төлеп жатырмын. 4 бөлмелі, 3 бөлмелі үйде тұратындар олардың шаршы метрі менен үлкен ғой. Мысалы, 116 шаршы метр, екі есе ғой. Олар неге екенін білмеймін 2 жарым мың теңге, ары кетсе 3 мың теңге төлеп жатыр.

Шу шыққан жерге жедел жеткен жергілікті «Таразтрансэнерго» өкілдері кінә кімнен екенін  түсіндіруге тырысып бақты.  Айтуларынша, жылу бөлетін 2 элеватордың бірінен қателік болған. Сондағы есептеуіш құрал істен шыққан соң, жылу бағамы шаршы метрмен өлшенген сыңайлы. 130 пәтерлі баспананың 65-і осындай жүйемен есептелуде. Пәтерінің шаршы метрі аз адамдарға екі есе төлем жасағаны үшін қаржыларын қайтарып бермек.

Мақсат  Сәрсенбаев,  «Таразтрансэнерго» МКК бас инженері:

«Таразэнергоорталық» көлеммен жібереді де, шаршы метрмен төлетеді. -Ал, оның істемейтіне кім жауап береді. - Тұрғындар. - Қалай сонда? - Толығымен есептегішті  қадағалап тұру керек. Күнделікті бір мезгіл. Кондоминиум, ПИК бар шығар. Мына үйдегі есептегіштің істемегеніне ертең азанда мен мамандарымды жіберем, мамандар толығымен мұрағатын шешіп береді.  Егер толығымен мұрағатттары осы уақытқа дейін істеп тұрса, біз артық төлемін «ТЭО» -ға жібереміз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Енді жауаптылар жылу есептеу құрылғыларының мұрағатын ақтарып, алдағы күндері артық төлем жасағандардың шығындарын кері қайтармақ. Ал, мұндай жағдай тағы қайталанбас үшін, мамандар тұрғындарға міндетті түрде ПИК қызметін құрып, естегіштерді техникалық байқаудан өткізіп тұруға кеңес берді. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ